Депутат пиротехникалық бұйымдарды елге кіргізуді қатаңдатуды ұсынды

17 Қаңтар 2024, 12:21
814
Бөлісу:
Депутат пиротехникалық бұйымдарды елге кіргізуді қатаңдатуды ұсынды
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы пиротехникалық бұйымдарды елімізге сырттан кіргізуді қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі депутаттық сауалым ойыннан от шыға ма деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген жандардың жанайқайы деп біліңіз. Қазақта: "Отқа жуықтың қолы күйер" деген сөз бар. Тақырыпқа тұздық болсын, желтоқсанның соңғы түнінде қала мен ауыл, кент пен елді-мекеннің аспаны құдды бір майдан даласына айналғандай күй кешетініміз рас. Себебі отшашудан көз ашпаймыз. От шашумен от басудың арасы бір-ақ қадам, - дейді ол.

Нартай Аралбайұлының сөзінше, 2021 жылы дөңгеленген дүниеде ондаған адам от шашудың салдарынан көз жұмған, 11,5 мың адам түрлі дене жарақатын алған. Көзі шыққан, саусағынан айрылған, саңырау боп қалған, денесін күйік шалған жандар көп.

Қазақстанның құзырлы орындары қарқынды жұмыс атқарды деген жылдары фейрверк сатқандарға 3,4 миллион теңге айыппұл салыныпты, бірақ... Бірақ дейтін себебім елімізде азаматтық пиротехникалық бұйымдар сатумен айналысатын 40-тан астам заңды тұлға бар. Мұның сыртында заңсыз мыңдаған алыпсатар жүр. Олардың рұқсаты болмаса да базар маңында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетеді, соны құқық қорғау орындары көрмейді дегенге біреу сене ме? "Құзырлы орындар бәрін біледі, біле тұра шара қолданбайды" деп ашынып келді азаматтар бізге. Ал салдары сойқан, ашық ақпарат көздеріне сенсек 31 желтоқсан күні түнде Қазақстанда отшашудың салдарынан 15 адамды күйік шалған, оның алтауы бала. Ауыр жарақат алған 13 жастағы баланың саусағын петарда жұлып кеткен. Бұл сұмдық емес пе?! – деп айтты Нартай Аралбайұлы Мәжілісте Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат бұл мәселені жедел қолға алып, пиротехникалық бұйымдардың елге кіргізілуіне, оларды тұтынуға қатаң шектеу қою немесе тыйым салу қажеттігін айтты. Ол әсіресе пайдалануды барынша қатаңдатқан жөн деп санайды.

Елімізде пиротехникалық құралдарды пайдалану мәселесі не Әкімшілік Кодекспен, не арнайы ережелермен нақты реттелменген. Кімнің қай жерде, қалай фейерверктерді қолданып отырғанын бақылап жатқан ешкім жоқ?! – деді Мәжіліс депутаты.

Нартай Аралбайұлының ұсыныстары:

1. Түрлі саланың білікті мамандарының қатысуымен пиротехникалық бұйымдардың адам денсаулығына, қоршаған ортаға, экономикамызға келтіріп отырған залалын талдап, қорытындысын шығару керек.

2. Тиісті заңнамаларға пиротехникалық бұйымдарды елімізге сырттан кіргізуге, оны қолдануды қатаң реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар дайындау қажет.

Өзгелердің жаңалығы