Депутат пәтуа шығарып жүрген қаптаған билердің әрекетін тексеруді ұсынды

23 Қазан 2024, 17:37
942
Бөлісу:
Депутат пәтуа шығарып жүрген қаптаған билердің әрекетін тексеруді ұсынды
Фото: скрин/ @mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек билерді тексеретін уақыт келгенін айтып Бас прокурор мен Әділет министріне сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, соңғы кезде елімізде өзін-өзі сайлап алған жалған «билер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп, көбейіп кеткен.

«Қазақ билері», «Қазақ билер алқасы» секілді атаулармен құрылған түрлі рулық-жүздік қоғамдық ұйымдар қаптады. Тіпті, ресми тіркелмей-ақ өз алдына оңаша отау құрып, би болып жүргендер де жетерлік. Бұдан бөлек, ат төбеліндей аз ғана топтың қолдап-қолпаштауымен Бас би атанып, асатаяқ ұстап, ақыл айтып, шешім шығарып жүргендер де бар. Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты – атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады, - дейді Болат Керімбек.

Мәжіліс депутаты қазіргі қаптаған билер қастерлі атақ, абыройлы тәрбиенің қадірін кетіріп, құнын түсіріп жүргенін айтып, билер ұйымдарының жұмысын жіті тексеретін уақыт келгеніне назар аударды.

Біз нақты құрылымдалған сот жүйесі бар, әрбір азаматы алқабилер мен халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық қорғау құқығына ие елде өмір сүріп жатырмыз. Ал билер келіп, сол қалыптасқан норманы бұзбақшы ма?! Олай болмаса, олардың көздегені не, мақсаты не? Неге өздерін өздері би сайлап алған? Кім оларға мұндай өкілеттік берген?! Әрбір өңірде жергілікті әкімдік пен мәслихаттар, сот билігі мен құқық-қорғау органдары бар, ақсақалдар мен қоғамдық кеңестер заң аясында қызмет етіп жатыр. Туындаған мәселелені шешетін де, көтеретін де осы заңды ұйымдар мен мекемелер. Яғни заң мен тәртіп концепциясын іске асыратын билік тармақтары бізде нақты айқындалған, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек өздерін би сайлап, мәселелерге пәтуа шығарып жүрген түрлі адамдардың әрекетіне нақты құқықтық баға берілуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, біз тек заң үстемдік етіп, тәртіп билейтін қоғамда өмір сүруіміз қажет.

Өзгелердің жаңалығы