Депутат пәтер жалдағаны үшін полицейлерге берілетін өтемақыны қайта қарауды ұсынды

3 Ақпан 2022, 11:38
2163
Бөлісу:
Депутат пәтер жалдағаны үшін полицейлерге берілетін өтемақыны қайта қарауды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров полицейлердің әлеуметтік мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

Полиция қызметкерінің беделін көтерудегі оған деген азаматтардың құрметі мен сенімін арттыру өзекті болып қалып отыр. Ал қаңтардағы қайғылы оқиғалар билік өкілдерінің осы санатының осалдығын білдірді. Бүгінгі таңда Ішкі істер органдары қатарында аттестациялаудан өткен 72 мыңға жуық қызметкер еңбек етіп келеді. Белгілі болғандай, қаңтар оқиғасында 3 мыңға жуық полиция қызметкері зардап шекті, 6 полицей қаза тауып, 100-ден астамы әр түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған, - деп атап өтті сенатор.

Сөзінше, жауапкершілігі мен қызмет ету қаупі жоғары болғандықтан полиция қызметкерлерінің жоғары кәсіби дайындығын қамтамасыз ету өте маңызды.

Олардың жалақылары мен әлеуметтік кепілдіктері көңіл көншітпейді. Қызмет атқарудағы теңсіздік жағдайында кадрлардың Ішкі істер органдарынан басқа күш құрылымдарына немесе азаматтық ұйымға кетуі байқалады. Қазіргі уақытта кадрлардың тапшылығы шамамен 10%-ды құрайды. Сонымен қатар Ішкі істер органдарындағы ең төменгі жалақы өзге құқық қорғау органдарына қарағанда екі есеге төмен. Сол себепті полицейлерді ынталандыру мақсатында қызметкерлерді қаржылық және материалдық қамтамасыз ету, айлықтарының ең төменгі шегін нормативтік бекіту мәселесін қарау орынды, - деп атап өтті  Нұрлан Бекназаров.

Депутат атап өткендей, мұқтаж қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету айқындалса да, Ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. 

Сондықтан Ішкі істер министрлігі қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеумен шектеледі. Алайда бұл төлемдерді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының тізбесін Үкімет айқындайды. Соған байланысты бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж. 2009 жылдан бері құқық қорғау органдары қызметкерлеріне 3 739 теңге көлемінде коммуналдық шығындарды өтеу қарастырылған. Алайда бүгінгі күні коммуналдық төлемдер орташа есеппен 18-20 мың теңгені құрайды. Ал өтемақы осы жылдар бойы қайта қарастырылмаған, – деді сенатор.

Депутат барлық қызметкерге лауазымына қарамастан пәтер жалдағаны үшін өтемақы төлеуді қамтамасыз ету және коммуналдық шығындарды өтеу қайта есептеуді ұсынды.

Нұрлан Бекназаров бұл проблема кадрлардың тұрақтамауына, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысқа деген жауапкершілігі мен ынтасының төмендеуіне тікелей әсер етеді деп есептейді.

Сенатор осы мәселелерді шешу үшін Премьер-министрден тиісті, қажет болса қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ететін шаралар қабылдауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы