Депутат: Партиядағы өзгерістер өңірлерден басталып жатыр

21 Сәуір 2022, 15:37
1349
Бөлісу:
Депутат: Партиядағы өзгерістер өңірлерден басталып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасында қонақ болған Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек Amanat партиясындағы өзгерістер жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, Amanat партиясындағы өзгерістің маңыздылығын адамдар түсіне бастады. Жаңадан келген басшылық партияның бағдарламасын ықшамдап, қайта әзірлеуге көшкен.

Қазір атқарушылық хатшылыққа жас болса да мықты Асхат Оралов деген азамат келді.  Партияның басшылығы өзіміздің де, мүшелердің де миын ашытпай партияның бағдарламасын біреу етіп жазып шығайық деп отыр. Меніңше, бұл да үлкен өзгеріс. Өйткені адам партия жайлы білгісі келсе, яғни негізгі бағыттарын, бағдарламасын, құндылықтарымен танысу үшін 4-5 құжатты қарау керек. Соны енді бір құжат етіп жасап жатыр,-деді ол.

Сонымен қатар ол партияның бағыты, стратегиясы өзгеріп жатқанын айтты. Президент, әкімдер өкілеттілігі кезінде партиядағы мүшелігін уақытша тоқтатады, оны көпшілік мүлдемге кетті деп дұрыс түсінбей жатқан көрінеді. Оның айтуынша, әкімдер партиядағы өкілеттілігін уақытша тоқтатқан кезде партия қиын жағдайға түсуі мүмкін, өйткені негізгі күш әкімдерде болған. Енді оларда арқа сүйеу болмайды.

Партиядағы өзгерістер өңірлерден басталып жатыр. Өйткені партияның негізгі күші орталық аппаратта емес, ол бастауыш партиялық ұйымдарда. Партияның негізгі байланысы жергілікті ұйымдар мен зауыттарда. Бұрын партиялыққа мүшелікке жиналған қаражат орталыққа жіберіліп, сол жерден жан-жаққа таратылатын. Енді жергілікті орындарда жиналған қаражаттың 30-50 пайызын немесе толық өңірдің өзіне қалады. Яғни бастуыш партиялық ұйымдардың төраға, белсенділерінде кішігірім болса да өз бюджеттері болады,-деді Саясат Нұрбек.

Депутаттың айтуынша, қазір партия қаржы жағынан әлі де атқарушы билікке тәуелді. Бір шара өткізсе, біреуге жәрдем көрсеткісі келсе әкімге барады. Сондықтан жиналған жарнаны жергілікті жерде қалдыру үлкен өзгерістің бірі болған. 
 

Өзгелердің жаңалығы