Депутат оқушыларды университетке ҰБТ-сыз қабылдауды ұсынды

6 Желтоқсан 2023, 17:26
1229
Бөлісу:
Депутат оқушыларды университетке ҰБТ-сыз қабылдауды ұсынды
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжілісмен Ержан Бейсенбаев дарынды жастар шетелге емес, елге қызмет етуге тиіс екенін айтып, Премьер-министрдің атынау депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 10 маусымда өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысында, Үкіметті озық технологиясы бар халықаралық компанияларда жұмыс істеген, тәжірибелі қазақстандықтарды тарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырған болатын.

«Ақ жол» демпартиясы фракциясы бұл бастаманы толығымен қолдап, 2021 жылғы 30 желтоқсанда, Президенттің тапсырмасының орындалу барысы туралы сауал жасады. Алайда сауалдағы нақты сұраққа, нақты жауап ала алмадық. Қазіргі кезде Қазақстаннан «білімдарлардың кетуі» үлкен проблемаға айналып отыр. Шетел жоғары оқу орындарында білім алып, мықты маман болып шыққан біздің дарынды жастарымызды, сол елдің компаниялары тұрақты жұмыс орнымен, үлкен еңбекақымен, әлеуметтік пакетпен қызықтырып өздерінде қалдыруға тырысады, - дейді Бейсенбаев.

Мысалы, Ресей университеттері мен колледждерінде қазақстандық мектептердің 70 мыңдай түлектері бар екен. Бұл көрсеткіш бойынша Ресейдегі Шетелдік студенттер арасында Қазақстаннан келген жастар бірінші орында тұр. Ол жайлы Ресейдің ресми тұлғалары да мақтанышпен ашық айтып жатыр.

Егер жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандықтардың жалпы санымен салыстыратын болсақ, онда Ресейге оқуға кеткендердің үлесі 10 пайыздан асады. Оның басты себептерінің бірі Ресей университеттеріне қазақ талапкерлерін Ұлттық бірыңғай тестілеусіз қабылдап, грант, стипендия, жатақхана беріп, ал білім алып шыққаннан кейін жұмыс орнын ұсынатындығы, тіпті азаматтық беретіні жасырын емес. Қазақ жастары бұған қызығушылық танытып жатыр. Өйткені ҰБТ тапсырудың өзі көп жыл бойы нағыз стресске айналып кетті. Күні-түні ұйқы көрмей, дайындалып, нәтижесінде тиісті балл ала алмай қалған оқушылар суицидке дейін барған фактілер де болған, - деп атап өтті ақжолдық депутат.

Депутаттар мынадай ұсыныстарын айтты:

  1. Үкімет Президенттің тапсырмасын орындау барысында, мықты халықаралық технологиялық компаниялардан қазақстандықтарды қайтару жөнінде бағдарламасын қабылдады ма және де сол бойынша талантты жастарымызға қандай жағдай жасалған, қанша және қандай компаниялардан жастар елге оралғандығы жөнінде ақпарат беруді сұрайды.
  2. Ресей тәжірибесін пайдалана отырып, дарынды жастарды қазақстандық университеттерге ҰБТ-сыз басқа жолымен қабылдауға рұқсат беруді ұсынамыз.
  3. Тек Ресей не басқа шетелдік университеттерінің түлектерін әкелу ғана емес, өзіміздің жастарды жұмыспен баспанамен қамту мәселелері бойынша қандай іс-шаралар жүргізіліп жатыр?
Өзгелердің жаңалығы