Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкіметке жолдаған сауалында ішкі саясатымызға араласып жүргендер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Президенттің мынадай сөзін: “Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты”, келтірді.
Өйткені геосаясаттағы доминант мемлекеттер өзінің жеке мүддесі мен саяси ықпалын жүргізіп қана қоймай, оны іске асыру үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып келді. Мысалы, мемлекеттердің ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ, эмо және басқа да субъмәдениеттік қозғалыстар арнайы, жоспарлы түрде миллиондаған АҚШ долларымен қаржыландырылды. Одан қалса, олар ұлтараздық пен діни алауыздықты, сепаратизм мен трайбализмді біздің саяси күн тәртібімізге енгізуге күш салды, - дейді Жаңбыршин.
Депутат атап өткендей, соңғы кезде АҚШ-тың билігі өз ішкі және сыртқы саясатын қайта қарап жатыр. Тіпті АҚШ-тың Конгресінде Халықаралық даму агенттігінің, яғни USAID-тің жұмысы тоқтатылатыны туралы мәселе қаралып жатыр.
Соңғы 10 жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAID-тен 150 млн. доллардан астам қаражат бөлініпті. Осындай ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жалаң ұранмен “жұмсақ күш” арқылы өзінің жымысқы саясатын іске асыру үшін өзге мемлекеттерге қанша қаражат бөлгенін елестетіп көріңіз. Мысалы, Қиыр Шығыстағы, Орталық Азиядағы, Африкадағы, Еуропадағы бірқатар дамушы елдерде билікке қарсы төңкерістер ұйымдастырылғаны белгілі.
Бізде шетелдік грант “емізігіне” отырып алған кейбір, тағы да айтам кейбір үкіметтік емес ұйымдар көбінесе, түймедейді түйедей қылып, негативті теріп-жинап, кураторларына өтірік есеп беріп, “ойбай бұл елде адам құқығы тапталған”, “сөз бостандығы шектелген», “сіздер араласпасаңыздар құрдымға кетудің алдында тұрмыз” – деп байбалам салады. Тіпті біздегі жағдайды дамымай қалған үшінші мемлекеттермен негізсіз, дәлел-дәйексіз теңестіреді. Оларға Қазақстанның жақсарғаны емес, шайқалғаны пайдалы. Себебі өздерінің жеке басының пайдасына, яғни «гуманитарлық бизнестеріне» қаржы керек, - дейді Еділ Жаңбыршин.
Депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар жасады:
- Қаржы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдарды іске қосып, еліміздің ішкі саясатына араласуға бағытталған сырттан құйылған қаржыны анықтап, тиісті шара қабылдасын.
- шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың қызметін реттейтін қолданыстағы заңнаманың тиімділігіне талдау жүргізсін.
- шетелдік гранттар арқылы қаржыландырылатын жобалар мен ұйымдардың қызметін бақылау және реттеу механизмдерін жетілдіру қажет.
Сырттан келетін қаржы, егер таза болып, инвестиция ретінде экономиканы дамытуға құйылатын болса, экология мен денсаулық сақтау саласын жақсартатын болса, онда оған жол ашық. Ал, егер ішкі саясатымызға қарсы, ұлттық дүниетанымымызға жат, тұрақтылығымызды шайқайтын жобаларды қаржыландырса, онда ондай ұйымдарға жол жабық, - дейді ол.