Депутат: Назарбаевтың олигархтарына тиесілі банктердің берешегін іздеңдер

20 Қазан 2023, 14:30
1326
Бөлісу:
Депутат: Назарбаевтың олигархтарына тиесілі банктердің берешегін іздеңдер
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда депутат Ермұрат Бәпи олигархтардан қайтарылған ақшамен халықтың несие мәселесін шешу туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы залда Үкімет мүшелері, прокуратура өкілдері отыр ғой. Әрине Үкіметтің халыққа жанашырлықпен несие алма деп ақыл айтып жатқаны дұрыс. Бірақ аш адамға ақыл қонбайды. Қымбатшылық кеңірдектен қысқан кезде, ол адамға ақыл жүре ме екен?! Сондықтан мен халықтың қарызын іздеу мәселесінен екі мәселені қозғағым келеді. Біріншіден, Прокуратура, сіздер "ескі Қазақстанның" халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер? Сауықтырамыз деп Ұлттық қордан банктерге берілген триллиондаған қарызды қайтаруды неге талап етпейсіздер? Сіздер халықтың қарызын емес, бірнеше банкті біріктіріп, қыруар сауықтыру қаржысын бір банкке жинастырып, оның барлығын сыпырып алып кеткен Назарбаевтың олигархтарына тиесілі банктердің халыққа берешек қарызын неге іздемейсіздер? – деді депутат.

Оның айтуынша, триллиондар қайтарылса, халықтың несие мәселесін де шешуге болады. Егер сол триллиондар қайтарылатын болса, халықтың қазіргі кредиттік қарызын 10-20 есе жауып тастауға болар еді. 

Енді осы жерде сұрақ. Біріншіден, активтерді елге қайтарасмыз деп заң қабылдадық қой. Сол заңның орындалып жатқаны қайда? Уәкілетті орган құру жөнінде өткенде хабар болды. Бірақ ол хабар мардымсыз. Президенттің тапсырмасымен сол активтерді қайтару комитетіне 130 адам мүше штат болады деп еді. Болатыны қазір 30-40 адам деп қана тұр. Нақты комитетте қанша адам бар екенін айтсаңыздар? Үкіметке сұрақ: комиссияның құрамында азаматтық қоғам өкілдерінен кімдер бар? – деп сұрады Ермұрат Бәпи Бас прокурордың орынбасарынан. риллиондар қайтарылатын болса, халықтың қазіргі кредиттік қарызын он есе-жиырма есе жауып тастауға болар еді.

Депутатқа Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев жауап берді. 

Құрметті Ермұрат Сейтқазыұлы, сіз көтеріп отырған мәселе бойынша ақпаратты беріп отырмыз. Өзіңіз білесіз, 5 қазанда Мемлекет басшысының жарлығымен комитет құрылды. Оның штаты да құрылды. Барлық нормативті акт бар. 900 млрд-тан аса қаражат бар. Осының бәрін мемлекеттің пайдасына қайтардық. Сіздерге мәлімет ретінде бердік. 600 млн-дай доллар мемлекеттен сырттан аударылды. Ауқымды жұмыс әлі жүргізіліп жатыр. Оның ішінде көптеген жер қайтарылды. Банк саласына тоқталайын. Әрине комиссияның нақты реестрі және оның құрамы бар. Оған Парламент депутаттары және қоғамдық белсенді азаматтар кірді. Олардың аты-жөнін сізге жеке беремін. Комитеттің реестріне бірлесе отырып шешім қабылданды, - деді ол.

Сонымен қатар ол құқықтық, инвесторлық және тағы басқа әлеуметтік мәселелерді ескеріп, нақты қандай реестрге тұлғалардың кіргеніне қатысты мәселе әлі жабық деп отыр.

Бірақ бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы реестрге нақты кірген тұлғаларға қатысты шешім жария етіледі. Егер заңсыздық анықталса, онда ешқандай... Мысалы инвестор бірінші кезекте өзінің құқығын қорғау керек қой. Біз де оның құқығын қорғауымыз керек. Сондықтан кемшіліктер мен заңсыздықтар анықталған жағдайда ғана ол ресми түрде жарияланады. Жалпы өте ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бүгінгі регламентті сақтау үшін сізбен жеке кездесіп, мәселе бойынша толық хабар беруге дайынмын, - деді Жандос Өмірәлиев.

Өзгелердің жаңалығы