Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мүгедектігі бар азаматтарға грант бөлу мәселесін қайта қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда мүгедектігі бар тұлғаларға бакалавриатта оқуы үшін 1 пайыздық арнайы білім гранты үйлестірілген. Бірақ ол тек қана І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға ғана беріледі.
Сонымен қатар ол педагогикалық және гуманитарлық мамандықтарға ғана үйлестірілген. Онда мүгедектігі бар тұлғаларға білім беретін азаматтарды ғана дайындайды. Себебі бір аяғы не бір қолы жоқ, есту, сөйлеу қабілеті нашар азаматар ІІІ топтағы мүгедектікке жатады. Сол себепті олар арнайы білім грантына қатыса алмайды. Олар да толыққанды білім алуы үшін грант бөлінуі керек емес пе?! - деп санайды мәжілісмен.
Серіковтің айтуына қарағанда, бұл топтағы азаматтарды арнайы білім грантына қосқан күннің өзінде ол жетпейді, себебі бүгінде елімізде 725 мың мүгедектігі бар азаматтар бар, оның 62 пайызы жастар.
Бүгінгі статистика бойынша жылына 11 мың балада мүгедектік расталады екен. Бұның ішіне ДЦП мен аутизммен ауыратындар кірмейді. Өкінішке қарай бұндай балалар күннен күнге артып келеді. Сондықтан олар қоғамда тең құқылы болуы үшін жоғары білім алуы керек. 357 бұйрыққа 3 ші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да арнайы білім грантын беру керек деп есептеймін. Оған жеткілікті грант ұйымдастыра білуіміз қажет және де кәсіптік бағдар беру жұмысын жасай білуіміз керек. Сол себепті грант мәселесі өте өзекті. Біз барлық мамандықтарға 2 пайызға дейін грант үйлестіруіміз қажет, - деп айтты Таңсәуле Серіков.
Депутат мынадай ұсыныстар жасады:
1. Бакалавриатта білім алу үшін мүгедектігі бар тұлғаларға 2 пайызға дейін грант ұлғайтылсын және І-ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтардың қатарына ІІІ топты қосу көзделсін.
2. Магистратурада, доктарантурада оқуы үшін 1 пайыздық грант енгізілсін.
3. Мүгедектігі бар жастарды шет елде білім алуы үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқыту жасақталсын.