Депутат: Мемлекет басшысы ашық сұрақтардың бәріне жауап берді

3 Қаңтар 2025, 15:15
314
Бөлісу:
Депутат: Мемлекет басшысы ашық сұрақтардың бәріне жауап берді
Фото: жеке мұрағаттан

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысының "Ана тілі" газетіне берген сұхбатына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі Ұлт басылымында жарық көрген астары қалың “Мақстым — экономиканы және Егемендікті нығайту” атты сұхбатының жолы да, салмағы да бөлек. Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Мен қандай қызметте жүрсем де “Ана тілі” мен “Қазақ әдебиеті” сынды ұлттық, әдеби басылымдардан көз жазған емеспін”, - деген еді. Бүгінгі жарияланымда да “Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді”, - дегені де түйсігі бар жанға көп жайттан хабар берсе керек. Жалпы, «Жұдырық бетке тигенге дейін» демократия сақталатын сәтте тұрмыз ғой… Кез келген ұлт қиын-қыстау күндерде ғана емес, өзінің бүкіл жүріп өтетін жолында пассионар, мемлекетшіл тұлғалардың соңынан ереді. Бүгін әлем өзгерген. Қалай бол­ғанда да жаһанданудың көшінен қалып, есік-тереземізді тас бүркеп, қымтап, шекарамызды шегендеп, қақпамызға сом темір іліп қоятын дәуір емес, әлбетте. Бармасақ, келмесек – ел жарылады, алмасақ, бермесек – дем тарылады. Әлемдік саяси көштің мозаикасына өз бояу-болмысымызды, жаратылыс пен табиғатымызды көшіріп апарғың келеді, - деді Жанарбек Әшімжан.

Әлемнің саяси картасында батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік қақпақылдасып, қапсыра құшақтап қабырғаңды бір-бірден санап жатқан осынау алмағайып шақта Қазақ қоғамындағы әрбір жұмыр басты, сергек саналы пенденің бірінші борышы — Тәуелсіздікті қорғау! Ерсілі-қарсылы ағыстарға, меңзеу мен емеурінге, елдік мұраттарға құрылған бүгінгі сұхбаттың негізгі лейтмотиві осы. Айналдырған төрт-бес жылдың бедерінде Қазақ Елі алағай да бұлағай сәттерді бастан өткерді. 

Депутаттың айтуынша жүйелі реформаларға құрылған оң өзгерістер аз емес. Қоғамда көп мәселерді “Қаңтарға дейін және кейін” деп қарастыратын жағдай қалыптасып қалды… Қоғам тек сол Қаңтар оқиғасынан кейін ғана тірілген секілді әсер қалдырады. Оған дейін ешкім ит аузына ағаш тығып отырған жоқ қой…

Әрине, қасіретті “Қаңтар оқиғасы” биліктің ұшар басынан ауылдық бөлімшеге дейін, алтын сандықтың үстінде отырған олигархтан күркеде күнелтіп жүрген жанға дейін, қарттарымыздың әмиянынан сәбидің жөргегіне дейін, Дубайдағы сән салтанаттың ортасында кофэ ішіп отырған алпауыттан бес мың метр тереңде кен қазып жүрген кеншіге дейін жағдайды қайта қарап, “корректировка” енгізуді күн тәртібіне қойды. Алайда, 2019 жылғы Президент сайлауынан кейінгі, жаңылмасам 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған кезең-кезеңімен (үш кезеңнен тұратын) жүзеге асырылуы тиіс реформалық пакеттер түрлі ахуалдарға қарамастан жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап айтқым келеді. Көрер көз, түйсінер сезім болса Президенттің қоғамның, Парламент пен Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің алдына қойған міндеттері бойынша аз жұмыс істелген жоқ. Парламент төріндегі Жолдаулар, Ұлттық Құрылтай мінберіндегі тұжырымдамалар, кәсіби Форумдардағы салалық тапсырмалар, Партиялық платформалардағы міндеттер, бәрі-бәрі бір жіпке байланған жүйелі жобалар. Әрине, кейбір мәселелерде жекелеген уәкілетті органдар сыр берді. Жауырды жаба тоқитын емес, Үкіметтің біртұтас шистерналық айналымына үйлесе алмай, нәтижесінде зардабы халыққа тиген жағдайлар болды. Ең бастысы — мемлекеттік құрылымды құрап отырған негізгі жүйенің ырғақты жұмысы сыр берген жоқ. Президент Үкіметке қатысты бағасында бұл мәселені жасырып-жаппай, барын — бар, жоғын — жоқ деп атап көрсетіпті. Емеуріннен түсінгенім, алдағы күндері өтетін Үкіметтің қортынды жиынында нақты диагнозы қойлатын да секілді, - деп жазды.

Сондай-ақ ол Президент халықпен қоян қолтық жұмыс істеп жатқан Парламенттің кәсіби қызметін, қоғамның тамырын тап басатын сапалы заңдарды шығарудағы еселі еңбегін өте жоғары бағалағанына дән риза болғанын жеткізді. Бәрін көзіммен көріп, жаныммен сезініп, бойымыздан өткізіп, жүрекке жеткізіп бел ортасында жүрміз ғой. Түрлі қаржылық топтар мен көзге көрінбейтін лоббистердің қарсылықтарына қарамастан әрбір тағдыршешті норма үшін жан аямай күресіп жатқан, сын сағатта от пен судың ортасында жүрген әріптестерімнің жанкешті еңбегі — ерлікке пара-пар дер едім.
 

Осы орайда Мемлекет басшысының: - Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр, - деген сөзінің астын сызып айтқым келеді.

Рас!  “Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер”.  Осылай деген мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидасына құрылған сұхбатында бүгінгі қоғамымыздағы ашық сұрақтардың бәріне жауап беріліпті. Басынан бақайшығына дейін саясиланып алған бүгінгі қоғамымызда сұрақтар аз емес. Ол қандай сұрақтар еді?

Уақыт белдеуіне қатысты Президенттің көзқарасы қалай?

Бүгінгі экономистердің кәсіби қызметіне көзқарасы қалай?

Президент негізгі басымдықтарды сыртқы саясатқа бағыттап жатқан жоқ па?

Ішкі саясаттың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық кардиограммасы қалай?

Қоғамда үлкен резонанс туғызған Талғардағы жағдайға қатысты ойы қандай?

Қаңтар қасіретінің себеп-салдары, құпиясы толық ашылды ма?

“Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару” мәселесінде “шаш ал” десе, бас алып жатқан жоқ па?
Ауылшаруашылығына миллиардтаған қаржы бөлінсе де тамырына неге қан жүгірмей жатыр?

Заң қатайса да қоғамдағы жемқорлық мәселесі неге тиылмай тұр?

Тоқаев БҰҰ-на басшы болып кетеді екен-мыс…

Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді-мыс…

Жаңадан Парламент сайлауы өтеді-мыс..

Қос палата бірігіп, басқару жүйесінде Парламенттік республика үстемдік құрады екен…

Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару қызметінде сіңірген тарихи еңбегі мен түрлі кезеңдерде жіберген кемшіліктері.

Назарбаев Қауіпсіздігін басқарған кезеңде қос билік болды ма?

Бұрынғы президент таяуда Мәскеуге не үшін барды?

 Үкімет ауыса ма?

Сұхбатта жоғарыда атап өткен сұрақтарға ашық жауап берілген. Және бұған дейінгі қиын шақтарда атқарылған жүйелі жұмыстар мен болашақта жүзеге асуы тиіс жобалар туралы кеңінен баяндалған, - деп жазды депутат.

Өзгелердің жаңалығы