Депутат қоғамда дау тудырған мәселені ашып айтты

15 Қыркүйек 2021, 15:09
7828
Бөлісу:
Депутат қоғамда дау тудырған мәселені ашып айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкімет басшысына сауал жолдады.

Қазақстан Үкіметінің Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау тудырды. «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы өткен жылдары жекелеген министрліктердің, жалпы алғанда цифрлық даму мәселесінің ақпараттық жүйелер жұмысындағы сәтсіздіктерін бірнеше рет сынға алған еді, - деді Мақсат Раманқұлов.

Айтуынша, қолданыстағы платформалардың қабілетсіздігі, әсіресе, өткен жылдың көктемінде пандемия басталған соң денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, салық салу, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген электрондық қызметтің кемшіліктері айқын болды.

Сол кездің өзінде мемлекеттің жылдар бойы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаржының тиімсіз пайдаланылуы анықталды. Мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғалардың жағдайды түзету бойынша жасаған әрекеттері тиісті нәтиже бермеді. Тіпті, платформалардың одан әрі алыстауына, оны азаматтар мен бизнестің пайдалануының күрделенуіне алып келді. Ал қазіргі заманауи технологиялар мен жаңа әлемдік жағдайларды ескере отырып, Қазақстан үшін мемлекеттік қызметтерді цифрлық дамытуда артта қалу проблемасы жыл өткен сайын өткір болып тұр. Сондықтан барлық мемлекеттік органның IT-жүйелерін бірыңғай платформаға келтіру, заманға сай жаңғырту қажеттігі шынымен де жүйелі проблемаға айналды, - деп атап өтті депутат Мәжілісте.

Ол бірқатар мәселе ашық күйінде қалып отырғанын ашып айтты.

Біріншіден, аталған келісімді өткен жылдары цифрландыру бағдарламаларына бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау деп бағалауға бола ма? Егер солай болса, онда өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында?

Екіншіден, осы Келісімді дайындау кезінде отандық немесе ең мықты халықаралық IT-компаниялардың мүмкіндіктері ескерілді ме? Оны дайындау барысы ашықтық пен адал бәсекелестікке қаншалықты сай болды?

Үшіншіден, келісімді іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мүдделері қалай қорғалады?

Осыған байланысты бұқаралық баспасөзде жарияланған Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің түсіндірмелері жұртшылықты қанағаттандырмайды, керісінше одан да көп сұрақтар туындатады. Оның себебі серверлерді Қазақстанда орналастыруда ғана емес, оларда сақталатын ақпаратқа бөтен тұлғалардың қолжетімділігін шектеудің технологиялық мүмкіндігі бар ма деген мәселе, - деп атап өтті Раманқұлов.

Депутат ХХІ ақпарат ғасырында IT қауіпсіздігі еліміздің Тәуелсіздігінің маңызды факторы екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы