Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылды.
Сенатор Әбдәлі Нұралиев заң жобасының қандай мақсаттарды көздейтінін айтып берді.
Хаттаманың мақсаты - теңіз ортасы мен құрлықтың ластануын болғызбау, азайту және бақылау, оның биоалуантүрлілігін сақтауға және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға жәрдемдесу және адам денсаулығын қорғау үшін теңіз ортасы мен теңізге жақын орналасқан құрлыққа едәуір трансшекаралық әсер етуі мүмкін жоспарланып отырған қызметтің трансшекаралық контекстінде қоршаған ортаға әсерді бағалаудың тиімді және ашық рәсімдерін жүргізу, - деді ол.Хаттаманы ратификациялау:
- Елеулі трансшекаралық әсерді тудыруы мүмкін жоспарланып отырған қызмет түрлеріне қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалау хаттамасының (ҚОӘБ) ережелерін орындау, сондай-ақ жұртшылықтың қатысуына және қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттарды дайындауға мүмкіндік беретін қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімін әзірлеу үшін заңнамалық, әкімшілік немесе басқа да шаралар қабылдауға;
- Елеулі трансшекаралық әсер тудыруы мүмкін жоспарланған қызметті шешу немесе жүргізу бойынша шешім қабылдау алдында ҚОӘБ рәсімін жүргізуді қамтамасыз етуге;
- ҚОӘБ рәсімінің бастапқы кезеңінен бастап жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне жұртшылықтың тиімді қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Хаттаманың ережелері трансшекаралық тұрғыда Қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысты халықаралық құқыққа сәйкес уағдаласушы тараптардың кез келген міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу жаңа Экологиялық кодекстің 80-84 баптарында қарастырылған. Шарт ратификацияланған кезде оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді, - деп атап өтті Әбдәлі Нұралиев.
Депутат Сенаттың тұрақты комитеттерінен заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар келіп түспегенін айтты.
Заң жобасы жұмыс тобының, бас комитеттің және кеңейтілген комитеттің отырыстарында жан-жақты қаралды.