Депутат: Елдегі аудандардың 80%-ы өрттен қорғау шараларымен қамтылмаған

16 Ақпан 2023, 14:59
687
Бөлісу:
Депутат: Елдегі аудандардың 80%-ы өрттен қорғау шараларымен қамтылмаған
Фото: islamnews.ru

Бұл туралы депутат Геннадий Шиповских Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, еліміздің көптеген өңірлерінде өрт сөндіру деполары жетіспейді. Олардың көпшілігіне 50-60 жыл болған және ол деполар жақсартуды қажет етеді. Сондай-ақ Қазақстан аудандарының 80%-ында өртке қарсы қорғаныс жасалмаған, өйткені оларда өрт деполары жоқ. Ол аудандарда халық тығыз орналасқан

Мәселен, Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл ауылында 2018 – 2022 жылдары аралығында 8 үй, ал өткен жылы тіпті 2 үй тұтастай өртенген болатын. Бұл аймақтың 12 мыңға жуық тұрғыны болса да ең жақын жердегі өрт сөндіру депосы шамамен 70-80 км қашықтықта Арал қаласында орналасқан. Алайда, Техникалық регламентке сәйкес қалалық жерде өрт сөндіру депосы радиусы 3 км қашықтықта орналасуы қажет. Сондай-ақ, қалалық жерде өрт пайда болған жағдайда, өрт сөндіру бригадасы өртке айналған аймаққа 10 минутта, ал ауылдық жерде 20 минутта жету керек, - деді сенатор депутаттық сауалында.

Сенатор тиісті құжаттарда өрт сөндіру бөлімін салу үшін ауылдық жерлерде тұратын адамдардың қажетті саны жазылмаған деп отыр. Сондай-ақ жаңа өрт сөндіру бөлімін салу үшін ауылдық округтер арасындағы қашықтық анықталмаған.

Біздің ойымызша, Техникалық регламентте осындай нақтылық болмағандықтан көптеген ауылдық жерлерге өрт сөндіру деполарын салуға үлкен тосқауыл қойылып отыр. Сондықтан да еліміздің ауылдық елді-мекендерінде осы мәселені шешу үшін тиісті түзетулер енгізу қажет. Нақтырақ айтатын болсақ, жаңадан өрт сөндіру деполарын салу үшін, ауылдық округтағы қажетті тұрғындар саны, ауылдық округтар арасындағы арақашықтық нақтылануы тиіс, - деді Геннадий Шиповских.

Өзгелердің жаңалығы