Депутат: Дүкенге баруға қорқасың. Пияз – 350 теңге, жұмыртқа – 600 теңге

26 Сәуір 2023, 11:43
1946
Бөлісу:
Депутат: Дүкенге баруға қорқасың. Пияз – 350 теңге, жұмыртқа – 600 теңге
Фото: Илья Бархатов / 74.RU

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Иргалиевке жолдаған сауалында азық-түлік бағасы шарықтап бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді маған. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз, - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы.

Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1 000 теңгенің көлемінде дейді. Оған қоса, Статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 пайызға өсіпті. Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша AMANAT партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке бағаның шарықтағаны байқалады, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Депутат атап өткендей, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсіп жатыр. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес. Оған қоса, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық рисктердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді, - дейді Бейсенбаев.

Сонымен қатар соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 пайызы, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді. Қазақстанда жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізетені анық. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тасада қалып қояды.

Ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрайды. Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын «NEET» жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп.

Жалпы Үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі – жалған статистиканы пайдалануы. Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуі тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады. Осы ретте біз нақты ақпарат берудің жаңа, әділ ережесін қалыптастыруымыз қажет, - деп айтты депутат.

Өзгелердің жаңалығы