Депутат диқандардың мәселесін көтерді

22 Желтоқсан 2021, 11:58
1081
Бөлісу:
Депутат диқандардың мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан диқандардың мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Бүгінде көктемнің күні ерте шығатын оңтүстік облыстарымыздың дихандары егін егу жұмыстарына дайындықтары басталды. Өз қолдарынан келетін, техника және кұрал саймандарын дайындау үстінде. Жалпы алғанда үстіміздегі жыл жаман болған жоқ. Дегенмен де, кемшіліктер болды. Нәтижесінде шаруалар көздеген мақсаттарына жете алмады. Дер кезінде су жеткізіліп берілмеді. Тыңайтқыштар көлемі мен агротехникалық әдістер талапқа сай келмеді, - деді депутат.

Оның салдарынан шаруалардың кейбіреулерінің тапқан табыстары шығындарын әзер жапты.

Ол бұл салада қандай мәселелер барына тоқталды:
- РБ-дан КДЖ жүргізуге бөлінетін бюджеттік ресурстар қаражатының жеткіліксіздігі. «Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес КДЖ қаржыландыруға кемінде 800 млрд теңге қажет. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда, қажетті қаржыландыру көлемі 100 млрд теңге яғни 15% құрайды.

- Бүгінгі күні КДЖ қаржыландыру наурыз-мамыр кезеңінде басталады. Табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, оңтүстік өңірлердегі фермерлерге КДЖ жүргізуге қаражат желтоқсан-қаңтар айларында қажет. Кеш қаржыландыру агротехникалық іс-шараларды жүргізуге және тиісінше, фермерлер еңбегінің өнімділігі мен табысына теріс әсер етеді.

- Жанар-жағар май мәселесі шешімін дер кезінде таппайды. Бағасы шарықтап, дихандар алыпсатар саудагерге жем болады. Мысалы, биыл көктемде жанар-жағар майдың бағасы 300 теңгеге дейін жетті, ал тыңайтқыштардың бағасы, селитра – 180 мың теңге, аммофос – 350 мың теңгеге жетті.

- жер ылғалдылығын келтіру мәселесінде су тапшылығы және арық атыздардың жөңдеу жұмыстары кеш басталады. Өйткені, су шаруашылық мекемелерінің жұмыс кестесі дихандардың талабына сай келмейді;

- тыңайтқыштар дер кезінде болмайды, өйткені наурыз–мамыр кезеңінде қаржыландырудың басталуына байланысты отандық өндірістің минералдық тыңайтқыштарын (азот, фосфат) жеткізу кезінде осы айларда дүрлікпе басталады, ал күзгі-қысқы кезеңде тапсырыстар іс жүзінде болмайды.

Европа нарығында газ бағасының өсуіне байланысты минералды тыңайтқыштарға сұраныс жоғары. Сол себепті отандық өндірушілер экспортқа бет бұрыс жасауда. Сонда отандық диқандардың жағдайы не болмақ? Міне, осы жайттардың барлығы соңғы өнімнің өзіндік бағасына әсер етеді. Жылда қайталанатын, шешімін таппайтын мәселені бір жолата жолға қою, ол Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың міндеті емес пе? – деп сұрады Құдайберген Ержан Үкіметтен.

Депутат көтерілген мәселелердің негізінде тиісті орындаушы органдарға тапсырма беріліп, оның келесі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етуді сұрады:
1. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мерзімін қаңтар-ақпан айында бастау.
2. ҚазСу шаруашылығы келісімшартта көрсеткен өз міндеттерін кесте бойынша орындау және жауапкершілік алу.
3. Кесте бойынша жанар-жағар маймен қамтамасыз ету.
4. Тыңайтқыштардың қорын құрып, қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етіп, кестеге сәйкес таратып беру.

Өзгелердің жаңалығы