Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы Қазақстан транзитке ашық саясат жүргізіп отырғанын, бірақ көрші мемлекеттер мұндай қадамға бармай отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Болатбек Нажметдинұлы Қазақстанның транзиттік саясатындағы теңсіздік мәселесін көтерді. Оның айтуынша, еліміз сыртқы тасымалға барлық жағдай жасап отыр, алайда көрші елдер бұл бағытта қатаң саясат ұстанады.
Біздің еліміз кең-байтақ, бірақ транзитімізді пайдаланып отырған мемлекеттердің жағдайын жасадық, бәрі жақсы жүріп жатыр. Қазір біз есігімізді ашып тастап, жанымыздағы көршілер қаттырақ жауып алған жағдайға жеттік, – дейді ол.
Депутат 2000 жылдары Түрікменстан арқылы Иран мен Түркияға жүк тасымалдау әлдеқайда жеңіл болғанын атап өтті. Қазір бұл бағытта шектеулер көбейіп, жұмыс көлемі азайғанын жеткізді.
Қазақстан экспорт пен импорт тасымалдаушыларына қолайлы жағдай жасап отыр, бірақ көрші елдерде визалық саясат күрделі, ақылы қызметтер көп, – дейді Болатбек Нажметдинұлы.
Оның сөзінше, қазіргі таңда қазақстандық көліктер Грузия мен Әзербайжанда тұрып қалып жатыр. Ақтау теңіз порты барлық жүкті өткізе алмайды. Ресейдің Астрахан облысы арқылы да өту қиындық тудырып отыр.
Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға тиіс. Ол үшін басқа елдер де Қазақстан секілді ашық жағдай жасауы қажет, – деп түйіндеді депутат.