Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Омархан Өксікбаев Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан спортқа бөлінген ақшаға кім жауап беретінін сұрады.
Біз Олимпиада спорт түрлеріне 2020 жылы 14 млрд теңге бөлдік. Министр өзіңіз, Токио Олимпиадасына 19 спорт түрінен ғана жолдама алдық деп айттыңыз. Ал енді бізде 100-ден астам спорт түрі бар. Интернетте көрдік, Беларусь президенті (Александр Лукашенко - тілші) спорт менеджерлеріне: егер бөлінген ақшаны ақтамасаңыздар, келгенде (Олимпиадан - тілші) үйге емес, бірден түрмеге барасындар деп айтты. Біз қамамай-ақ қояйық, бірақ мұның сұрауы болу керек қой. Оны кімнен сұраймыз, - деді Омархан Өксікбаев.
Оның айтуынша, спорт түрлеріне бөлінген 14 млрд теңгенің басым бөлігі спортшыларды дайындауға емес, керісінше спорт менеджерлерін ұстауға жұмсалуда.
Ақпаратым бойынша сол 14 млрд теңгенің басым бөлігі спортшылардың дайындық жұмыстарына емес, спорт менеджерлерін ұстауға жұмсалып жатыр. Мен өзім Ақтоты Рахметоллақызы (министр - Райымқұлова - тілші) сіздердің көмекшілеріңіздің бірімін. Елдегі бір федерацияны басқарамын (Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті - тілші). Біз 1,5 жылдан бері каратэға спорт кешенін салуға жер ала алмай жүрміз, - деді депутат.
Бұған дейін, бүгін Мәжілістегі үкімет сағатында ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ауылдағы спорттық сауықтыру кешендерінің желісі ауыл тұрғындарының тек 30 пайызын ғана қанағаттандыратынын айтты.