Депутат баспана мәселесіне қатысты қиын жағдайға тап болғандар туралы айтты

1 Қыркүйек 2021, 16:45
3583
Бөлісу:
Депутат баспана мәселесіне қатысты қиын жағдайға тап болғандар туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутат Ерлан Смайлов елдегі баспана мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға қойды.

Депутат пандемия, карантиндік шектеулер мен дағдарыс кезінде азаматтардың тұрғын үй мәселесі күрделене түскенін айтты. Баспана мәселесі - Қазақстан Халық партиясынан қолдау іздеуге мәжбүр болған еліміздің бірқатар азаматын қиын жағдайға түсірген өзекті проблемалардың бірі екенін алға тартты.

Сүрілетін 18 үйдің тұрғыны әділдік іздеп Қазақстан Халық партиясына жүгінді.

18 үйдің тұрғыны тиісті өтемақы ала алмаймыз деп қорқады. Бұдан басқа 6 үйдің тұрғындары, яғни шамамен 200-ден астам отбасы өтемақы құнымен келіспей отыр. Азаматтар жылдар бойы осы үйлерде тұрды, пәтерлерді жекешелендірді, жуырда олардың үйлері апатты жағдайда тұр деп танылып, сүрілмекші. Бұл үшін қала әкімдігі техногендік төтенше жағдай режимін жариялады, - деді Смайлов.

Оның сөзінше, уәде етілген жөндеу бағдарламасының орнына бұл жағдайда реквизиция қолданылды, яғни Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың шешімі бойынша төтенше жағдайларда алынған тұрғын үйдің құнын немесе тұрғын үйге қайшы келмейтін өтемақының басқа түрлерін төлей отырып меншік иесінен баспананы мәжбүрлеп алып қою.

Сонымен бірге бұл жағдайда реквизицияны қолдану туралы шешім қабылдау мәселесі түсініксіз болып қалды. Өтініш берушілердің айтуынша, жергілікті билік негізгі сұрақтың бірі - өтемақы төлеу мәселесін шешкен жоқ. Өйткені, өтінішке сәйкес, ұсынылған ақшалай өтемақының мөлшері Жезқазғандағы тұрғын үйдің нақты құнына сәйкес келмейді. Апатты үйлердің көптеген тұрғыны уәде етілген немесе төленген өтемақы сомасына баламалы тұрғын үй сатып ала алмайды, - деп түсіндірді депутат.

Айтуынша, өтініш берушілер тиісті жөндеуден кейін тұруға қолайлы бұл үйлерді бұзу асығыстық деп санайды. Олар барлық тұрғынның өтемақысы үшін қажетті және жеткілікті қаражат бөлінуіне қарай апатты деп танылған үйлерді кезең-кезеңімен бұзуды енгізуді ұсынады.

Мәселен, өтінішке сәйкес, қала бюджетінде 259 пәтер үшін өтемақыға 1,5 млрд теңге қарастырылған, яғни әрбір отбасыға 5,7 млн теңгеден келеді. Бұл ақшаға Жезқазғанда қазіргі уақытта тек бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады, - деп түсіндірді депутат Ерлан Смайлов.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы баға тұрақты өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылғы шілдеде маусыммен салыстырғанда тұрғын үй бағасы 0,4%-ға өсті. Ал бір жыл ішінде 9,7%-ға ұлғайды.

Ол Үкімет тарапынынан аталған мәселелерге назар аударып, бірнеше ұсыныс айтты.

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша тең мөлшерде жаңа пәтерлер берілетін реновация бағдарламасын енгізу туралы немесе Жезқазған қаласындағы тұрғын үйдің нақты құнына сәйкес келетін ақшалай өтемақының жеткілікті мөлшерін сүрілетін апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарына төлеу үшін қаражат іздестіру туралы шұғыл қабылданатын шешім ықпал етеді деп ойлаймыз, - деді депутат.



Өзгелердің жаңалығы