Депутат: Баға реттеліп болғанша халықтың төзімі таусылып бітетін болды

10 Сәуір 2022, 11:54
2875
Бөлісу:
Депутат: Баға реттеліп болғанша халықтың төзімі таусылып бітетін болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Елорда базарларын арнайы аралап, азық-түлік бағаларын көріп, саудагерлермен, тұрғындармен сөйлесіп қайттым. Баға - удай... Әсіресе күнделікті тұтынатын ет-сүт, картоп, сәбіз, пияз, көкөніс, күнбағыс майы, макарон өнімдері секілді негізгі тұтынатын азықтардың бағасы еселеп барады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Жандарбек Әшімжан facebook-тегі парақшасында жазды.

Оның жазуынша, өткен наурыз айында баға 13 процентке өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жеткен.

Баға дейтін пәле елдің еңсесін езіп, белін бүктіріп, етегіне сүріндіріп тұр… Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруды тапсырған болатын. Ашығын айтқанда, Президент тапсырмасын орындауда Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Сауда және интеграция министрлігі де, аймақтық әкімдіктер де жағдайдың алдын ала алмай отыр. Министрліктер бір-біріне сілтейді. Жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отырған үкіметтік ведомстволардың арасында өзара сәйкестік жоқ,-деп жазды депутат.

Депутат: Баға реттеліп болғанша халықтың төзімі таусылып бітетін болды

Сонымен қатар ол бағаның неліктен шарықтап бара жатқанына Үкіметтегілер де нақты жауап бере алмай отырғанын айтты.

Өткен аптада осы салаға жауапты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Мәжіліске келіп депутаттардың нақты сұрақтарына жауап бере алмай, қызыл сөзден қырман сапырып, ақыры ауылшаруашылық министріне сілтеді де кетті… Ал базардағы негізгі азық-түлік тауарларының бағасы инфляция өсімінен де асып кеткен. Мамандардың есебінше, күнбағыс майы 36,7 пайызға, қант – 34,8 пайызға, картоп – 21,8 пайызға, жеміс-жидек – 19,9 пайызға, макарон өнімдері – 22,7 пайызға, жұмыртқа 10 пайызға қымбаттаған,-деп жазды ол.

Сондай-ақ ол баға реттелгенше халықтың төзімі де таусылып бітетінін жеткізді.

Әрине, азық-түлік бағасы бізде ғана емес күллі әлемде құбылып тұр. Солай екен деп қарап отырмай Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасына сай шаралар қабылдауы керек еді ғой. 

Мәжілістегі "Үкімет сағатында" да, Пленарлық жиында да баяндама жасаған Ауылшаруашылық министрі «мұның бәрі уақытша, жағдай реттеледі» дейді. Баға реттеліп болғанша халықтың төзімі таусылып бітетін болды. Енді бір мамандар "бәрі жанар-жағармай бағасына тіреліп тұр, жағармайды өсірмеу керек" дейді. Екі ай бұрын елді аралағанда қырдағы шаруалар техниканың 20 пайызға, тыңайтқыштың 50 пайызға өскенін айтып, етектері жасқа толып отырды. Осындай бағаның жүгенсіздігінен тауардың өзіндік құны, әрине, қымбаттайды,-деп жазды Ж. Әшімжан.
 

Өзгелердің жаңалығы