Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат Астана мен Алматыдағы көшелерге қайраткердің есімін беруді ұсынды

16 Мамыр 2025, 12:52
336
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Нұрмашұлы Имашевтің 100 жылдығына арналған конференцияда оның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мерейтойы туралы «тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізіледі» деп айтқан болатын. Сол сияқты Саттар ағамыздың мерейтойы – біз үшін терең ойланатын сәт. Ол кісі – халқы ардақтаған, үлкен құрметке лайық тұлға. Қай қызметте болмасын, өзінің парасаты мен жауапкершілігі арқылы тарихта із қалдырған азамат, – деді депутат Мәжілісте өткен жиында.

Саттар Имашев – еліміздің дамуының шешуші кезеңдеріне тікелей атсалысқан, кеңестік және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан ірі қайраткерлердің бірі. Оның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің көрінісі. 

Ол индустрияландыру, соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту сияқты тарихи кезеңдерде белсенді жұмыс атқарған.

Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметінде де өзін үлкен ұйымдастырушы, халқының мүддесіне адал жан ретінде көрсете білді. Әлеуметтік әділеттілік, мәдениет пен ұлттық құндылықтарды қорғау, заңнамалық бастамалар арқылы халықтың өмірін жақсарту жолында аянбай еңбек етті, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Депутат сонымен қатар Саттар Имашевтің білім беру, денсаулық сақтау, әйелдер мен жастардың құқықтарын кеңейту және ұлттық дәстүр мен тілді сақтау бағыттарындағы еңбегін ерекше атап өтті.

Осы орайда, депутат бірнеше ұсыныс айтты:

  • Астана мен Алматы қалаларындағы көшелердің біріне Саттар Имашевтің есімін беру;
  • Саттар Имашев жұмысын бастаған Ақтөбе облысында да оның есімін ұлықтау;
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тарих факультетінің студенттеріне арналған арнайы мемлекеттік шәкіртақы тағайындау;
  • Алматы қаласында Имашев тұрған үйге ескерткіш тақта орнату.

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Мұндай азаматтардың еңбегін ұмытпау – ұрпақ алдындағы парыз. Саттар Нұрмашұлының есімі – жастар үшін елге адал қызмет етудің үлгісі болып қалуы тиіс, – деді депутат.

Еске сала кетсек, конференцияда қатысушылар Саттар Имашевтің саяси мұрасын, мемлекеттік құрылыстың, партиялық жүйенің дамуына қосқан үлесін, республиканың заңнамалық негізін қалыптастырудағы рөлін және оның қазіргі заман талаптары аясындағы маңыздылығын талқылады.

Өзгелердің жаңалығы