Депутат әскери қызметшілер арасындағы суицид мәселесін көтерді

1 Желтоқсан 2022, 16:48
1307
Бөлісу:
Депутат әскери қызметшілер арасындағы суицид мәселесін көтерді

Бұл туралы депутат Дана Нұржігіт Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сенатор Үкіметті әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. 

Айтуынша, соңғы екі жылда 237 әскери қызметші қаза болған. Оның 89-ы аурудан, 62-сі жол апатынан, 50-і суицид салдарынан көз жұмды.

Сенатор жағдайды жақсарту үшін әскерге шақырылушылардың ғана емес, жасөспірімдердің де психологиялық жағдайын бақылау маңызды екенін атап өтті

Біз 13-14 жастағы ер балалардың денсаулығы, тән саулығы, психикасы, психологиясы үнемі бақылауда болуы керек деп есептейміз. Әскерге шақыру комиссиясының алдына келгенше ол баланың бүкіл психо-физикалық портреті, барлық ақпарат арнайы электронды кітапшада жиналып тұрғаны дұрыс. Қазірге кезде міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр, - деді Дана Нұржігіт.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің қоғамдағы мәртебесін көтерудің маңыздылығы және олардың әл-ауқатын жақсарту да маңызды деп отыр. Оның үстіне, өз шешімін талап ететін көптеген мәселе қордаланып қалған.

Қарулы күштер қатарындағы келісімшарт бойынша қызметке келген  бірінші жылдағы солдаттың жалақысы 82 мың теңге. Қазақстан дәрігерлерінің жалақысы көтерілгенде, еліміздің әскери дәрігерлері бұл үлестен қалыс қалып, бүгінде олардың жалақысы 200 мың теңгені құрайды. 2021 жылдан бері «Әскери баспана» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» алғашқы жарнаны 5%-дан 20%-ға дейін өсірген. Ал, әскери жалақы 100 мыңға да жетпейтін жас әскери маман баспананың алғашқы 20 пайызын қалай төлемек? Осыдан кейін барып, әскери адамның қоғамдағы  мәртебесі туралы  қандай сөз қозғауға болады?!, - деді депутат. 

Сонымен қатар ол әскерге шақырылатын және әскерге шақырылғандардың денсаулығын сақтау және қадағалау, олардың денсаулығының электрондық тіркелімін жасау және әскери қызметшілердің әл-ауқатын жақсартуға байланысты ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін бірқатар ұсыныстар айтты.

Өзгелердің жаңалығы