Депутат: Ақбөкендердің популляциясын халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеу қажет

24 Қаңтар 2024, 14:26
948
Бөлісу:
Депутат: Ақбөкендердің популляциясын халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеу қажет
Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Бас прокурор мен Экология министріне ақбөкендерге қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміз соңғы 25 жылда қазақ сахарасының сәні - ақбөкенді қорғауға бар күшін салғанын білеміз. Кезінде 2 млн басқа дейін өскен киіктің саны 2003 жылы 21 мың басқа кеміп кеткен. Сайын даланың сәні болған ақбөкенді қорғау үшін “Алтын дала”, “Бөкейорда”, “Ащыөзек мемлекеттік қаумалы” т.б, қорықтар құрылып, бүгінде Арқаның киесі - ақбөкеннің популляциясын қалыпқа келтірдік, - деп айтты ол.

Ерболат Сатыбалдин осы бағдарламалар негізінде еті мен бағалы мүйізі үшін сан мыңдап қырып, даламызды қан сасытқандардың қызметі тоқтатылғанын атап өтті. Өткен жылдан бері «киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі» деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді.

Алайда құзырлы орындар «азайту дегенді аяусыз қыру» деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел, іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған. Ақбөкендердің популляциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеу қажет, - дейді мәжілісмен.

Ол «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің жасаған бұл қадамына құзіретті орындар құқықтық бағасын беру керегін айтты. Себебі, аталған мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармағаны белгілі болды.

Регламент бойынша, бірінші, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Екінші, ақбөкендердің популляциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек. Үшінші және ең бастысы ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары жүзеге асырылмау керек, - деп санайды Мәжіліс депутаты.

Ол сауалында мынадай ұсыныстар айтты:

- ҚР Бас Прокуратурасы мәселенің мәнін терең қарастырып, «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық бағасын беруді талап етеміз;

- ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне: киік санын азайтуға бағытталған шараларды толық пысықтап, тиісті регламентке өзгерістер енгізуін ұсынамыз.

- Тиісті регламентке киіктердің табынын реттеуді ақбөкеннің лағы аяқтанған кезең мен күйекке түсер мезгіл арасында, яғни қазан, қараша айларында жүзеге асырылуы тиіс деген өзгеріс енгізілуі қажет.

- Киікті атудың маусымдық шараларын жүзеге асыруда жауапсыздық танытқан қызметкерлерге шара қолдануын талап етеміз.

Өзгелердің жаңалығы