Депутат Андрей Лукин Алматының таулы және тау бөктеріндегі аудандарындағы құрылысқа мораторий жариялауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатордың айтуынша, Алматының тау бөктеріндегі заңсыз және ретсіз құрылыстар жұртшылықты толғандырып отыр. Оның үстіне, құрылыс салу мен алма бақтарын құртуға байланысты даулы жанжалдар да көп.
Жекеменшік құрылыс компаниялары бизнесті тексеруге мораторийді алға тартып, шаруа қожалығы мен бау-бақшаға арналған жердің мақсатын жеке тұрғын үй салуға өзгертіп алады және тау бөктеріндегі аймақтарда көпқабатты тұрғын үй кешендері құрылысын салуды жалғастырып келеді. Тау бөктерінің жұмсақ құрамы күрделі құрылысқа жарамсыз екені белгілі. ТЖМ бұл учаскедегі құрылыс техногендік сипаттағы көшкіндерге әкелуі мүмкін екені бірнеше рет хабардар еткен болатын, - деді ол Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат мұның бәрі жайдан жай емес деп отыр. Мұндай құрылыс тек біреудің салғырттығымен немесе қамқорлығымен болуы мүмкін.
Жылжымайтын мүлік саласындағы хабарландыруларды орналастыруға арналған қазақстандық ірі сайттардың бірінде Каменское плато шағын ауданында 50 сотықтан гектарға дейінгі жер учаскелерін сату туралы бірнеше хабарландыру бар. Бұл учаскелер бір кездері шаруа қожалықтары ретінде берілген болатын, ал қазір коттедж қалашықтары, таунхаустар, клуб үйлері үшін «ең жақсы орын» ретінде сатылып жатыр. Бір хабарландыруда меншік иесі тіпті мемлекеттік органдардағы байланыстар арқылы жердің нысаналы мақсатын қайта ресімдеу және өзгерту кезінде көмек көрсетуге дайын, - деді Андрей Лукин.
Сондай-ақ ол Алматыдағы аудандардың экологиялық күйі мен тау бөктерінің ерекше сұлу табиғаты кейбір топтың пайдаға кенелу мен баюға құнығуына байланысты жойылып кетуі мүмкін деп дабыл қақты.
Сенатор Үкіметке осы мәселені қолға алуды ұсынды.
Еске салсақ, бүгінгі Сенат отырысында Әшімбаев жаңа Парламенттің алдында тұрған міндеттерді атады.