Денсаулық сақтау вице-министрі Жамбыл облысына барды

8 Желтоқсан 2023, 09:33
514
Бөлісу:
Денсаулық сақтау вице-министрі Жамбыл облысына барды
Фото: ДСМ

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Жамбыл облысында екі күндік жұмыс сапарымен жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сапардың бірінші күні вице-министр халықпен кездесу, азаматтарды жеке қабылдау өткізді, одан әрі брифинг барысында жергілікті және республикалық БАҚ журналистерінің сұрақтарына жауап берді.

Өңір тұрғындарымен кездесу барысында вице-министр амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауылдық денсаулық сақтау объектілерін салу мәселелері бойынша егжей-тегжейлі түсініктемелер берді, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және жыл сайынғы жалақыны арттыру жөніндегі уәкілетті орган тарапынан шаралар туралы айтып берді.

Ж. Бүркітбаев ҚР Президентінің тапсырмалары шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі қызметінің басым бағыттары және жақын арада денсаулық сақтау саласының алдында тұрған міндеттер туралы айтып берді.

Вице-министр өз сөзінде атап өткендей, Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының әлеуметтік деңгейі мен әл-ауқатын арттырудың маңызды құралы ретінде денсаулық сақтауды дамытуға көп көңіл бөледі.

«Үкімет Президент қойған міндеттерді орындай отырып, денсаулық сақтау саласындағы барлық бағыттар бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуде. Ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда, өңірдің медициналық ұйымдарын салуға, оларды жарақтандыруға және кадрлық әлеуетті арттыруға қаражат бөлінуде», - деп атап өтті Бүркітбаев.

Оның айтуынша, елімізде өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа дейін, Жамбыл облысында - 74,9 жасқа дейін ұлғайды. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы халқының жалпы өлімінің 5%-ға төмендеуі, оның ішінде онкологиялық аурулардан болатын өлімнің 5%-ға төмендеуі байқалады.

Өңірлердегі ауылдық медициналық объектілердің едәуір бөлігі ескірген және бейімделген ғимараттарда жұмыс істейтінін ескере отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің отырысында 2023-2024 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді.

Жамбыл облысында 3,1 млрд. теңге сомасына 30 объектінің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылға жоспарланған 10 объектінің 4-еуі пайдалануға берілді. Жылыбұлақ, Теріс, Ақкөз, Қайнар, Жиделі ауылдарында жаңа медициналық пункттер салынды.

Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында мобилдік медициналық кешендер қызметі жұмыс істейді. Республикалық бюджеттің есебінен Жамбыл облысына 8 жаңа мамандандырылған автобус жеткізілді. Қазіргі уақытта облыстың жылжымалы медициналық кешендеріне қызмет көрсету әр ауданда қамтамасыз етілген, - делінген ақпаратта.

Ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Ауыл - ел бесігі» сияқты жобалардың есебінен ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер сияқты объектілер салынып жатқанын атап өтті.

Жамбыл облысында кадрлар тапшылығы проблемасын шешу мақсатында жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлінеді. Жергілікті атқарушы органның гранты бойынша қазіргі уақытта С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін «Емдеу ісі» мамандығының 42 студенті оқиды.

Осы университетте жергілікті бюджеттің есебінен Жамбыл облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 (бес) жыл жұмыс істеу міндеттемесімен оқуды бітіргеннен кейін 2022 жылы 16 дәрігер, 2023 жылы 19 дәрігер жұмысқа келді. Сонымен қатар, резидентурада 56 дәрігер оқиды. 2024 жылы өңірге 29 резидент келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қызылша бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады, бұл азаматтардың арасында сұрақтар туғызды.

Халықты вакцинациялау бойынша сұрақтарға жауап бере отырып, вице-министр 2023 жылдың 10 айында Жамбыл облысында жоспарлы түрде қызылшаға қарсы 39 471 бала вакцинацияланғанын хабарлады. «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 01 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес республикада халықтың тиісті топтарын қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы