Денсаулық сақтау қызметкерлерін қорғауды күшейту керек – депутат

1 Ақпан 2024, 23:44
491
Бөлісу:
Денсаулық сақтау қызметкерлерін қорғауды күшейту керек – депутат
Фото: скрин

Сенатор Амангелді Толамисов медицина қызметкерлерін қорғауды күшейтудің маңызы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оған белгісіз жанның жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соқаны туралы әлеуметтік желіде кеңінен жарияланған өрескел жағдай себеп болып отыр. Депутат осы мәселеге орай Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

Әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның жедел жәрдем жүргізушісіне дөрекі сөйлеп, соққыға жыққан видеосы тарады. Науқастың өміріне араша түскен жедел топтың өзіне де көмек керек болды. Шұғыл дәрігерлік көмек күткен бір жастағы сәби де екінші бригаданың келуін күтті. Яғни, құқық бұзушы екі адамның да өміріне қауіп төндірді. Осындай жағдайлар бұғанға дейін де бірнеше рет болған. Медицина қызметкерлері күнделікті қаншама адамдардың өміріне араша болып жатқанда, өздерінің өмірі мен денсаулығына да қауіп қайдан келерін білмейді, - деді сенатор.

Депутат дәрігерлерге қастандық жасап, оларға күш көрсететіндерге немесе қатер төндіретіндерге жазаны қатаңдату қажет деп санайды. Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта медицина қызметкерлерін де, полиция қызметкерлерін де қорғайтын арнайы заң ережесі жоқ. Осыған байланысты сенатор бірқатар тиісті шараларды ұсынды.

Медицина қызметкерлерінің қызметіне кедергі келтірілмеуі үшін олардың мәртебесі қорғаныс және ішкі істер саласы қызметкерлерімен теңестірілуі керек. Жедел жәрдем көліктерін регистраторлармен жабдықтау маңызды және медициналық мекемелердегі ақ халатты абзал жандардың, емделушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар қабылдануы тиіс. Медицина қызметкерлерінің өз қызметтік міндеттерін орындау барысында денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар үшін арнайы жаза тағайындау мақсатында заңдық нормалар қабылдауды сұраймыз, - деді Толамисов.

Өзгелердің жаңалығы