Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Денсаулық сақтау министрлігі аналар өлімінің басты себебін атады

Олжас АДАЙ
14 Тамыз 2025, 13:35
1292
Бөлісу:
 - архив/ Бауыржан Жуасбаев
Фото: - архив/ Бауыржан Жуасбаев

Денсаулық сақтау министрлігі "Аналар саулығы" бағдарламасын іске қосты. Бұл – әйелдерді жүктілікке сапалы дайындап, экстрагенитальды патологиядан болатын өлім-жітімді азайтуға бағытталған жоба, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экстрагенитальды патология – бұл жүктілік пен босануға тікелей байланысты емес, бірақ жалпы денсаулыққа, жүктілікке, босануға және босанғаннан кейінгі кезеңге әсер ететін органдар мен жүйелер ауруларының жиынтығы. Экстрагенитальды аурулар пациенттің жалпы жағдайына және жүктіліктің барысына ықтимал әсерін ескере отырып, уақтылы диагностиканы, бақылауды және қажет болған жағдайда емдеуді түзетуді талап етеді, – делінген министрліктің берген жауабында.

Ведомствоның дерегінше, осыған байланысты соматикалық патологияны уақтылы анықтау және әйелдерді жүктілікке сапалы дайындау үшін "Аналар саулығы" бағдарламасы іске асырылды. Жоғары қауіп факторлары бар жүкті әйелдерді алдын ала ауруханаға жатқызу үшін шалғай және жетуі қиын аудандарда хСалауатты Анах пансионаттары ашылып жатыр. Бұл орындарда облыстық мамандар ауылдан келген аналар мен балаларға диагностика мен консультацияны қолжетімді ете алады.

Сондай-ақ жүкті әйелдерге медициналық көмектің уақтылы болуын қамтамасыз ету мақсатында құрылымдық трансформация жүргізіліп, "Әйелдер консультациялары" ұйымдастырылды. Жүкті және фертильді жастағы әйелдердің денсаулық жағдайына нақты уақыт режимінде мониторинг жасап, уақтылы ауруханаға жатқызуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 20 ахуалдық орталық ашылды.

Елімізде ана мен бала денсаулығын сақтау – медицина саласындағы ең өзекті мәселе. Біз жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту және нығайту, тексеруден өткізу мен аурудың алдын алу мақсатында ауқымды әрі жүйелі шаралар атқарудамыз. Әйелдер денсаулығына әсер ететін көп факторларды ескере отырып, профилактикалық, емдеу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру бойынша шаралар қабылдаудамыз, – делінген жауапта.

Еске салсақ, бұған дейін ана мен нәресте өлімі қай өңірлерде жоғары екені жайлы жаздық.

Өзгелердің жаңалығы