Денсаулық сақтау басқармасы реанимациядағы орындардың толу себебін атады

10 Ақпан 2022, 09:31
1310
Бөлісу:
Денсаулық сақтау басқармасы реанимациядағы орындардың толу себебін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пациенттердің коронавируспен ауырғаннан кейін өзін-өзі емдеу тәсілін қолданған соң реанимацияға түсетінін айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Мамандардың айтуынша, үйде өзін-өзі емдеумен айналысқан немесе жеке клиникалардағы дәрігерлердің нұсқауы бойынша антибиотиктер қабылдағандар көбінесе реанимациялық төсектерге түседі.

Біз пациенттер арасында талдау және сауалнама жүргіздік. Осы арқылы науқастың жағдайы туралы, ауруханаға жатқызылғанға дейін денсаулығы қалай нашарлағанын білдік. Көптеген адам тіпті ПТР-дан өтпегендерін мойындайды. Симптомдары байқалған бойда өздерінің таныстарына, дәрігер мамандығы бойынша оқыған туыстарына ақыл-кеңес сұрап жүгінген. Бұл олардың денсаулығын тіптен нашарлатпаса жақсартқан емес. Өйткені коронавирусты өз бетімен емдеуге болмайды! Өкінішке қарай, қазір жеке мекемелердегі әріптестерімнің қателігінің салдарымен күресіп жатырмыз, - дейді басқарма басшысы Тимур Мұратов.

Басқарма басшысының айтуынша, жеке медициналық ұйымдардың мамандары хаттамаға сәйкес коронавирусты емдеу жолымен үйретілмеген.

Бұл дәрігерлер COVID-19 инфекциясын емдеу мәселесіне толық жауапты емес екенін білу керек. Ал біз дәрігерлерімізді осы бағытта оқытып, біліктіліктерін арттыруды әлі де жалғастырып жатырмыз. Жекеменшік емханаларда күшті антибиотиктер, тіпті гормоналды препараттар арқылы емдейді. Бұл медициналық көмекке мүлдем қайшы келеді. Қазір стационарларда орташа дәрежедегі пациенттер саны азайды, бірақ аса ауыр жағдайдағы пациенттердің қатары азаймай тұр. Олардың 90%-ы өзін-өзі емдеумен айналысқан және вакцинацияланбаған, - деп нақтылады Тимур Мұратов.

Дәрігерлер қала тұрғындарын коронавирустық инфекцияны емдеуге жауапты емес мамандардың көмегіне жүгінбеуге шақырады. Сондай-ақ, мамандар вакцинацияның маңыздылығын кезекті рет еске салды, бұл вирустың ауыр жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы