Денсаулық пойызы Бейнеу ауданына аялдады

3 Мамыр 2024, 21:40
777
Бөлісу:
Денсаулық пойызы Бейнеу ауданына аялдады
Фото: gov.k

"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Бейнеу ауданының Тұрыш ауылына келіп аялдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлер ертеңге дейін сағат 09:00-18:00 аралығында тұрғындарды қабылдап, тегін қызмет көрсетеді.

"Саламатты Қазақстан" пойызы 3-25 мамыр аралығында Маңғыстау облысында болады және Тұрыш, Сам, Сайөтес, Өзен, Болашақ, Жетібай, Қарақия, Шетпе, Үстірт, Тірек станцияларына тоқтайды. Заманауи диагностикалық құралдармен қамтамасыз етілген пойыз – шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетуді мақсат еткен. Барлық ем шара міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жасалады.

Еске салайық, пойыз құрамында 40 маман – медицина қызметкерлері, медиаторлар мен заңгерлер бар. Дәрігерлік құрамда терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, педиатр, онколог-маммолог, гинеколог және уролог мамандары бар. Қажет болған жағдайда мамандар шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама береді.

Өзгелердің жаңалығы