Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Медицина саласындағы кез келген жаңалық, аздаған өзгеріс адам өмірімен тікелей байланысты. Алайда, биыл медицина саласы көпшіліктің есінде коронавируспен қалары сөзсіз. Жыл қалай басталды? Қандай шешімдер қабылданып, нендей өгеріс енгізілді?
2020 жыл МӘМС-тен басталды
2020 жыл қазақстандықтар үшін сақтандырумен басталды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілді. Қазақстанда медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Сақтандырылған қазақстандықтарға емханаларда емделу, дәрігерлер қабылдауы, зертханалық қызметтер, диагностика, сондай-ақ, дәрі-дәрмектер қолжетімді. МӘМС есебінен пациенттер ауруханаларда жоспарлы түрде де, күндізгі стационарлар режимінде де емделе алады.
2020 жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық азаматы шартты түрде сақтандырылған болып есептелді. Бұл жеңілдік кезеңі тұрғындардың емханаларға тіркеліп, өз мәртебесін анықтауы үшін берілген. Алайда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елде төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты, сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту тапсырылылған болатын.
Дүниені дүр сілкіндірген коронавирус
Адамзаттың зәре-құтын қашырған атышулы індет әлем бойынша алғаш рет Қытайдың Ухань қаласынан 2019 жылдың желтоқсан айында анықталған еді. Індет біртіндеп Қытайдың өзге қалаларына, одан көршілес елдер арқылы тұтас әлемге тарады. Аурудан ешкім сақтандырылмаған, әлемнің талай бай-бағыланы да, танымал тұлғалары мен мықты мамандары да дерттің тұзағында кете барды. Бір қызығы, Қытайда 2019-nCoV жаңа вирусының етек алғаны туралы алғаш болып хабар берген офтальмолог дәрігер Ли Вэньлян да ақпан айында осы дерттен көз жұмды.
Кейіннен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жаңадан тарап жатқан коронавирусқа ресми атау берді. ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус эпидемиялық вирус Covid-19 немесе «жаңа вирус» деп аталғанын мәлімдеген еді. Worldometers-тің мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 82 327 231-ге жеткен. Оның 1 796 543-і қайтыс болса, 58 338 453 адам жазылып шыққан. Індетке шалдыққандар саны бойынша көш басында АҚШ тұр (19 977 704 жағдай), одан кейін Үндістан (10 245 326 жағдай) мен Бразилия (7 564 117 жағдай). Ал, Қазақстанда өткен тәулікте 726 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды.
«Наконец-то жетті»
COVID-19 деген ресми атау алып, әлемді дүр сілкіндірген коронавирус біздің елде қалай басталып еді? Жаһан жұртының санасын сан қақтырған вирусты Қазақстанның сол кездегі бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің «наконец-то келеді» деп күткені қоғамда біраз резонанс тудырғаны есімізде. Бекшин «біздің болжамымыз бойынша елімізде 11-16 наурызда коронавирус тіркелуі мүмкін», деген болатын. Бас санитардың болжамы дөп келді, алғашқы жағдайлар 13 наурыз күні Алматы қаласында анықталды.
Көп ұзамай COVID-19 Қазақстанның басқа аймақтарынан да табыла бастады. 13 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан, 20 наурызда - коронавирус жұқтырған адам Қарағандыда, 21 наурызда — Алматы облысының Қарасай ауданында, 22 наурызда — Ақтөбе облысында, 24 наурызда — Шымкент қаласында, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында, 27 наурызда — Ақмола, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында, 28 наурызда — Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында, 29 наурызда — Батыс Қазақстан облысында, 31 наурыз күні — Түркістан облысында анықталды. Наурыз айында індет тіркелмеген жалғыз облыс Қостанайдан коронавирус 3 сәуірде тіркелді.
Осылайша, індеттің алдын алу үшін 2020 жылдың 16 наурызынан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді. Нақтырақ айтсақ, Президент қабылдаған Қаулыға сәйкес, ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңі аралығында төтенше жағдай жарияланған еді. Жағдайға байланысты қоғамдық қауіпсіздік пен күзет жүйесі күшейтіліп, ірі сауда объектілерінің жұмысына шектеу қойылды, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, т.б. адам көп жиналатын объектілердің қызметі тоқтатылды, қатаң карантин енгізіліп, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар жүргізілді, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, отбасылық, салт-дәстүр іс-шаралар тоқтатылды, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеу қойылды. Ал, коронавирус індеті салдарынан болған алғашқы өлім-жітім дерегі 26 наурызда тіркелді.
Парацетамол жоқ, градусник қайда?
Елімізде эпидемия басталған алғашқы айларда дене қызуын төмендететін, вирусқа қарсы дәрілік заттардың тапшылығына байланысты ажиотаж туындады. Халық жайшылықта дәріханаларда самсап тұратын парацетамолға зар болды, кейбір медициналық мекемелер дене қызуын өлшеуіш құрал (градусник) таппай қиналды. Бұл мәселеден жеке бас пайдасын көздеген пысықайлар да табыла кетті. Дәріханаларда жоқ парацетамол базарларда сатылып жатты. Құзыретті орган өкілдері бұл тапшылықтың уақытша екенін айтып, жуық арада мәселені шешуге уәде етті. Мәселе біртіндеп шешілді де. «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев соңғы сұхбаттарының бірінде дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі үкіметтің ерекше бақылауында екенін айтты.
Өздеріңіз білетіндей, жазда науқастар санының күрт өсуіне байланысты ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрілік препараттардың тапшылығы пайда болды. Қазір бүкіл әлемде тұрақсыз жағдай. Біз пандемияның алғашқы толқынынан қорытынды жасадық. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссияның тапсырмасы бойынша мынадай бірқатар шұғыл шара қабылданды. Ең алдымен, барлық медициналық ұйымдарда тұрақты толықтырылатын айлық қорды қалыптастыру. Бүгінде бірыңғай дистрибьютор 20 млрд теңге сомасына 91 дәрі-дәрмек түрін түсірген, олар үнемі жаңарып отырады. КВИ-мен, пневмониямен ауыратын науқастарды тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Бұл бес тегін ыстық түсіретін препарат: парацетамол, ибупрофен және антикоагулянттар. Шамамен, 2 млрд теңге сомаға 1 млн адамды қамту жоспарлануда, - деді ол.
Маска тағу – міндет
Кононавирустан қорғанудағы басты құрал – маска. Денсаулықты бағалау және көрсеткіш институтының (IHME) ғалымдары алдағы айларда медициналық масканы кеңінен қолдану бір ғана АҚШ-тың өзінде 130 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалатынын айтады. Зерттеушілердің айтуынша, COVID-19 вирусын тежеудің басқа да шаралары, соның ішінде әлеуметтік арақашықтық сақтау айтарлықтай пайда әкелмейді және өлім саны 2021 жылдың ақпан айының соңында 511 мың адамға жетіп, екі есе артуы мүмкін. Яғни, маска тағу бойынша ұсыныстарды сақтау көрсеткіші 85 пайызды құраса да, шын мәнінде құтқарылған адамдардың саны 95 мыңнан асады. Осылайша, маскалар SARS-CoV-2 сияқты респираторлық вирустардың таралуын едәуір төмендетіп, COVID-19-дың таралуын шектейді. Мұны еліміздің бас санитары да қолдап маска тағуды міндеттеп, қаулы шығарды. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ Балалар қоры 5 жасқа дейінгі балалардан COVID-19 пандемиясына байланысты бетперде тағуды талап етпеуді ұсынғанын да айта кету керек. Оны министр Цой да құптап, бұйрыққа өзгеріс енгізген болатын.
Пандемия кезеңі жағдайға сай жаңа өндіріс орындарының ашылуына сеп болды. Мысалы, елімізде маска өндірумен айналысатын бірнеше өндіріс іске қосылды. Олардың алды айына 5 миллион маска тігуге қауқарлы. Сонымен қатар, күніне 180 000 дана маска өндірумен айналысатын Нұр-Сұлтан қаласындағы «BIONIC-PRO» өндіріс орны қажетті құралды Қытайдан алдыртқан. Мұндағы маскалар СМС (спанбонд-мельтблаун-спанбонд) негізінде жасалған жаңадан шыққан материалдардан өндіріледі.
Ауыс-түйіс
Індеттің шарықтау шегі кезінде сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің вирус жұқтырып алғанын мәлімдеп, аурудың алдын алу шараларына мұқият мән беруге шақырды. Ізінше, қызметінен босатылып, орнына Алексей Цой келді. Бір қызығы, экс-министрдің соңынан вице-министр Людмила Бюрабекова да өз еркімен орнын босатты. Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің келісімі бойынша Берік Шәріпұлы «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы қызметінен, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен берілген өтініш негізінде Айбатыр Жұмағұлов «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды.
Кавасаки қандай дерт?
Мамыр айында ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бүкіл дәрігерлерді балалар шалдыға бастаған коронавируспен байланысты синдром туралы мәлімет жинап, бақылауда ұстауға шақырды. Еуропа мен Солтүстік Америкада мультижүйелі қабыну жағдайымен ауруханаға түскен балалар дертінің кейбір белгілері Кавасаки синдромымен сәйкес келуі және коронавирустың қатысы болуы мүмкін екені хабарланды. Ал, Қазақстанда бұл синдромның алғашқы жағдайлары тамыз айында тіркелді. Жалпы, Кавасакидің шығу тарихына келер болсақ, Уикипедия Кавасаки ағылшын тілінен аударғанда «Kawasaki disease» немесе «шырышты лимфа түйіні синдромы» деген мағынаны беретінін жазады. Кавасаки синдромы 1967 жылы осы сирек кездесетін ауру белгілерін тапқан жапон дәрігері Томисаку Кавасакидің есімімен аталған. Алайда, аурудың шығу тегі, жұғу жолдары әлі күнге белгісіз. Кейбір ғалымдар мұны жұқпалы дерт десе, кейбірі анықталмаған токсинге деген иммунитеттің жауабы деген тоқтамға келген. Кавасаки синдромы коронавирустық пандемияға дейін де болған. Тек өте сирек кездеседі, вирустық инфекциядан кейін, генетикалық бейімділікпен дамиды. Бірақ, мамандардың айтуынша, соңғы уақытта тараған коронавирус жұқтырған балалардағы дерт таза Кавасаки ауруы емес, бұл Кавасаки тәрізді синдром (немесе Сovid-19 әсеріне байланысты туындаған мультижүйелі қабыну синдромы (MҚС). Мұндай ауыр инфекциядан кейінгі асқыну балаларда COVID-19 вирусының жеңіл немесе асимптоматикалық түрімен ауырған соң 2-3 аптадан кейін дамуы мүмкін.
ПТР & ИВЛ
Қазіргі таңда ПТР-зертханалардың көлемі артып келеді. Көктемде бір күнде 25 000 тексеру жасалса, тамыз айының соңында күніне 40 000 тест жасалды. Сонымен қатар, қыркүйек айында қосымша 20 зертханалық ПТР аппараты сатып алынды және аудан-ауданда ветеринарлық зертханалар ашылып жатыр. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда ПТР тестілеу құны 22% арзандайтынын айтты. Эпидемия басталған алғашқы айларда ПТР де, өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ-ИВЛ) аппараттары бойынша да мәселе туындаған еді. Халық ақша жинап, Түркия, Қытайдан оттегі консентраторларын алып жатты.
Оттегі консентраторлары - қоршаған ауадан пайдалы оттегіні бөліп шығаруға арналған аппарат. Оның тиімділігі ИВЛ аппаратына қарағанда төмен. Дегенмен, жыл соңына қарай бұл түйткіл де шешіліп, қазан айында өңірлерге 866 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. Осы ретте айта кету керек, елімізде мұндай аппараттарды «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы) және «Тыныс» АҚ (Көкшетау қаласы) кәсіпорындары өндіреді. Медицина мамандарының пікірінше, отандық ӨЖЖ аппараты қолдануға ыңғайлы, сенімді және электр қуатына тәуелді емес. Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 500 ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетеді.
Үстемеақы кімдерге бұйырды?
2020 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін медицина қызметкерлеріне 84,4 млрд теңге сомасында ынталандыру төлемдері берілген. Министр Цой да бұл жұмыстың тоқтап қалмайтынын жеткізді. Яғни, медицина қызметкерлерінің қауіпті жағдайларда, атап айтқанда, коронавируспен тікелей байланыста болатын инфекциялық стационарларда жұмыс істегеніне қосымша кепілдік болуы үшін негізгі жалақыға айына 200-ден 850 мың теңгеге дейін қосылады.
Үстемеақылар жыл соңына дейін төленеді, бұған 136,8 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.
Түйін. 2020 жыл медицина саласында кемшілігі жоқ емес, жетістік те бар, өзгермелі жыл болды. Пандемиядан алған жақсы үрдіс – халық денсаулықтың маңызын білді, ағайынның қадірін сезінді, ең соңы, қолды дұрыс жуып, гигиена сақтауды үйренді.