Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша 1 желтоқсанға дейін денсаулық айлығы өтуде. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айлық басталғалы бері, 29 қазаннан бастап медиктердің көшпелі бригадалары орталықтан шалғай жатқан 23 елді-мекенде болды. Бұл ретте 5 мыңнан астам қала тұрғыны түрлі мәселелер бойынша тегін медициналық кеңес алып, тексеруден өтті.Денсаулық айлығы аясында емделушілер эндокринолог, кардиолог, жалпы практика дәрігері, офтальмолог, гинеколог және басқа да бейінді дәрігерлерден тегін кеңес алады. Флюорографиялық тексеру, артериялық қысымды, көз түбін өлшеу, ЭКГ диагностикасы, АИТВ-инфекциясын анықтауға экспресс-тестілеу, қандағы холестерин мен қанттың деңгейін анықтау жүргізіледі. Профилактикалық тексеру барысында қан қысымы жоғары, қандағы қант деңгейі, холестерин деңгейі жоғары пациенттер анықталды. Олардың барлығы учаскелік дәрігерге қаралуға жіберілді, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, айлық шеңберінде медицина қызметкерлері халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, скринингтік тексеруден өту, халықты тіркеу тіркелімі арқылы бекіту және мобильдік қосымшаны белгілеу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Денсаулық айлығының мақсаты – қала тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Әсіресе, бұл шалғай жатқан аудандарға қатысты. Сондай-ақ, акция мегаполис тұрғындарының өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға үндейді.