Алматы қаласында биылғы ISU Challenger-дің 7-кезеңі саналатын Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ kazsports.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл бәсекеде екі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жүлдеге ие болды.
Ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев қысқа және еркін бағдарламаны қосқанда 192,67 ұпай жинады. Қазақстандық спортшы тек грузин Ника Егадзеге (208,47 балл) есе жіберді. Үздік үштікті әзірбайжандық Владимир Литвинцев (188,77) түйіндеді. Бұл сында Рахат Бралин 4-сатыдан көрінді (181,22 ұпай). Қалған қазақстандықтардың нәтижесі: Олег Мельников – 6-орын (162,30), Елисей Волков – 8-орын (101,96).
Ал әйелдер арасында оңтүстік кореялық Минче Ким ешкімге дес берген жоқ (158,84 ұпай). Отандасымыз Анна Левковец қысқа бағдарламадан кейінгі орнын жалпы есепте де сақтап қалып, күміс медальге қол жеткізді (145,43 ұпай). Қола жүлде тағы бір оңтүстік кореялық Дабин Чхвеге бұйырды. Ол Аннадан небәрі 0,4 ұпай қалып кетті (145,06). Өзге қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың нәтижесі: Анна Фарафонова – 7-орын (122,51), Багдана Рахишова – 9-орын (111,88), Ясмин Текик – 10-орын (105,70).
Жұптық сында көптеген маман болжағандай, жапониялық Кана Мурамото мен Дайсукэ Такахаси жекедара топ жарды (188,30). Күміс жүлде германиялық Дженнифер Янсе ван Ренсбург пен Бенджамин Стеффан дуэтін бұйырса, қоланы мажарстандық Мария Игнатьева мен Даниил Шемко қанжығасына байлады. Алғашқы алтылықта өнер көрсеткен қазақстандық Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қос бағдарламадан соң, 7-сатыға жайғасты (145,12 ұпай).
Жалпы биылғы додада Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Франция, Германия, Израиль, Болгария, Мажарстан, Әзірбайжан, Молдова, Армения, Грузия, Украина мен Қырғызстан спортшылары бақ сынады. Отандастарымыз барлық бағдарламада өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған бәсеке алғаш рет 2019 жылы Алматыда өткен. Былтыр мәртебелі турнирді Астана қаласы қабылдаған. Ол кезде 18 елдің спортшылары еліміздің бас қаласында өзара шеберлік байқасқан.
Denis Ten Memorial Challenge турнирін Спортты дамыту дирекциясы мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Денис Тен қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Қазір сағат 20:00-де «Халық аренада» марапаттау рәсімінен кейін турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатысуымен Гала-шоу өтеді. Гала-шоудың қонағы – Елена Радионова. Керемет қойылымдарды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрере аласыздар.