«Дені сау ұлт» жобасы отандық медицинаға серпін береді

19 Қазан 2021, 21:00
3317
Бөлісу:
«Дені сау ұлт» жобасы отандық медицинаға серпін береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров айтты. 

Сондай-ақ ол Жолдаудағы Президент атап өткен медицина саласын жетілдіруге қатысты айтылған мәселелер өзекті екенін алға тартты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сапалы білім беруді ұйымдастыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударғаны белгілі.

Жолдаудың «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру» деп аталған 2-бөлігінде медицина саласындағы мәселелерге, әлемді жайлаған коронавирус инфекциясының біздің еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болғанына тоқталды. Жолдауда Президентіміз атап өткен медицина саласын жетілдіру мәселелері өзекті. Себебі, дені сау ұлт – болашаққа сенімді ұрпақ кепілі, - деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы сенім білдірген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесіне де тоқталды.

МӘМС халықтың әлеуметтік жағынан осал тобын мемлекет өз қамқорлығына алып, 15 санат бойынша олар үшін төлемді өзі жасайды. Былтырдан бастап елімізде енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған, - деді қордың елордалық филиалының директоры.

Оның айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгелі бері, пандемия жағдайындағы кедергілерге қарамастан, көп жұмыс атқарылып, медициналық қызмет алға жылжуда.

МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат ол бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады. Тіпті, қажет болған жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржы операторы рөлін атқарып отыр. Қор осымен төртінші жыл қатарынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеп келеді, - дейді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кететін жайт, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биылғы жылға арналған сатып алу жоспары бойынша тұрғын халыққа медициналық көмек көрсету үшін 17,2 млрд теңге, оның ішінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында 9,2 млрд теңге қарастырылған. Ал медициналық сақтандыру пакетіндегі медициналық қызметтерге қарастырылған қаржы көлемі 8 млрд теңге.

Қазіргі уақытта қормен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 108 медициналық қызмет жеткізуші шарт жасасыпты. Оның 71-і – жекеменшік клиникалар. Жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдары арасында бәсекелестік туындап, пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді.

Президент Жолдауында айтылған «Дені сау ұлт» жобасы бойынша медицина саласын дамытумен қатар, тұрғындар да өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, дене шынықтырумен айналысып, денсаулыққа зиян әдеттерден алыс болып, қандай да бір сырқаттардың алдын алу үшін скринингтерден, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұрады деген ойдамыз. Ал біз өз кезегінде Жолдауға қолдау білдіріп, медициналық қызмет көрсетудің сапасын әрі қолжетімділігін арттыра түсуге атсалысамыз, - деп отыр филиал басшысы.

Өзгелердің жаңалығы