Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Маймыл шешегінің арнайы емі жоқ, өлім-жітім 1-11%-ға дейін. Алматылық инфекционист Гауһар Бөденбаева Африкадан тарап жатқан жаман аурудың ерекшеліктерімен, оның алдына алу жолдары жайлы айтып берді.
Дәрігердің айтуынша, маймыл шешегі сирек кездесетін инфекциялық ауру. Бұл кеміргіштер мен приматтар арқылы жұғады.
Қазір бұл ауру Орталық және Батыс Африка елдерінде тарап жатыр. Аурудың инкубациялық кезеңі 5-21 күнге созылады. Белгілері: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, денеде бөртпенің пайда болуы және лимфо түйіндерінің ұлғаюы. Денедегі бөртпе алдымен бас, беттен бастап төменге қарай тарайды. Аурудың жұғу жолдарына келсек, ол байланыс кезінде жұғады. Жануарлар, кеміргіштер мен приматтарды ұстаған кезде жұғады. Одан бөлек осы вирусты жұқтырған адамнан да тарайды. Вирус адамның зақымданған терісіне түскен кезде және тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Тиін сияқты кеміргіштер арқылы да жұқтыру қаупі бар,-дейді Г.Бөденбаева.
Бұл вирус Қазақстанда әлі тіркелмеген, әзірге Африка елдерінде қатты тарап жатыр. Дәрігер бұл ауурды шетелге шығатын туристер жұқтырып әкелуі мүмкін деген ойда. Сондықтан жазғы демалысты шетелді өткізгісі келетіндер сақ болғаны жөн.
Қазір демалыс кезеңі. Көпшілік шетелге демалысқа барады. Әзірге Африкаға бармаған жөн. Шетелге барған күннің өзінде жабайы жануарларды ұстауға, көшеде тамақтануға болмайды. Себебі бұл вирус аңның етінен де жұғады. Шетелден оралған соң үш апта аралығында дене қызуы көтеріліп, түсініксіз бөртпелер шығып жатса емханаға жүгінген жөн,-дейді инфекционист.
Сонымен қатар ол бұл аурудың әзірге емі жоқ екенін жеткізді.
Бұл вирустың кәдімгі оспаға қарағанда денсаулыққа аса қауіпті емес. Бірақ профилактикалық шараларды қолдану қажет. Өлім-жітім 1-11%-ға дейін. Маймыл шешегінің арнайы емі жоқ. Науқастың жалпы жағдайын жақсарту мақсатында температура болса парацетомол дәрісін ішіп, сұйықтықты жиі қабылдаған дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуы бойынша, кәдімгі оспаның екпесі маймыл шешегімен күресте тиімді,-деді дәрігер.