ДДҰ климаттық қауіптерге қарсы шараларды күшейтуге шақырды

Соңғы 20 жылда климаттық апаттардан қаза тапқандардың 90 пайыздан астамы дамушы елдердің тұрғындары болған.

 depositphotos.com 5 Қараша 2026, 03:40
5 Қараша 2026, 03:40
144
Фото: depositphotos.com

Климаттың өзгеруі мен оның адам денсаулығына әсері 9-20 қарашада Түркияның Анталья қаласында өтетін БҰҰ-ның COP31 климаттық саммитінде талқыланатын негізгі мәселелердің бірі болмақ. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) баяндамасында айтылған, деп хабарлады Анадолы агенттігі.

Ұйымның мәліметінше, әлемде 3,3-3,6 миллиард адам климаттың өзгеруіне осал жағдайда өмір сүреді. Соңғы 20 жылда климаттық апаттардан қаза тапқандардың 90 пайыздан астамы дамушы елдердің тұрғындары болған.

Климаттық өзгерістерден әсіресе балалар, жүкті әйелдер, жаңа туған нәрестелер, қарт адамдар, созылмалы ауруы бар азаматтар мен мәжбүрлі қоныс аударушылар зардап шегеді.

Осыған байланысты ДДҰ елдерді денсаулық сақтау жүйелерінің климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыруға шақырды. Ұйым эпидемиологиялық бақылауды күшейту, цифрлық медицинаны дамыту және ғылыми негізделген шешімдерді енгізу қажеттігін атап өтті.

ДДҰ дерегінше, климат пен денсаулық сақтау саласындағы алты тиімді шараны жүзеге асыру жыл сайын 1,6 миллионға дейін адамның өмірін сақтап, 3,9 триллион доллар экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Олардың қатарында аптап ыстық туралы ерте ескерту жүйелерін енгізу, таза ауызсу мен санитарлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және таза отынға көшу бар.

ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус климаттық дағдарыс денсаулық сақтау дағдарысымен тікелей байланысты екенін атап өтіп, адам денсаулығын қорғау климаттық саясаттың басты бағыттарының бірі болуы керектігін мәлімдеді.

Наверх