Газа секторында 950 мыңға жуық қоныс аударған палестиналық су тасқыны қаупі бар аймақтарда тұрып жатыр. Олардың 400 мыңы су басу қаупі өте жоғары аумақтарда орналасқан. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Палестина аумақтарындағы өкілі Райнхильде Ван де Вердт мәлімдеді.
Оның айтуынша, Газа секторындағы медициналық мекемелер Израиль шабуылдарына ұшырап, денсаулық сақтау жүйесі шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Отын мен медициналық материалдардың тапшылығына қарамастан, ДДСҰ және серіктес ұйымдар медициналық қызметтің үздіксіз жұмыс істеуіне көмектесуде.
Ұйым өкілі алдағы қыс мезгіліне байланысты алаңдаушылық білдірді. Бірнеше күн бойы жауған жаңбырдың өзі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсеткен. Су тасқыны салдарынан тұрғындардың шатырлары қирап, көптеген отбасы баспанасыз қалу қаупіне тап болған.
Су басқан лагерьлерде кәріз сулары, қоқыс пен ластанған су адамдар ұйықтайтын, тамақ әзірлейтін және балаларын күтетін орындарға жайылған. Ылғал мен суық жұқпалы аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызып отыр. Әсіресе кішкентай балалар арасында тыныс жолдары ауруларының қаупі жоғары.
Ван де Вердттің мәліметінше, Газа секторында жіті респираторлық инфекциялардың саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 33 мыңға артқан. Қыс басталмай тұрып-ақ мұндай аурулар медициналық көмекке жүгінгендердің жалпы санының 11 пайызын құраған.
Бұған қоса, жаңбырлы маусымда лас су арқылы таралатын аурулардың қаупі күшейген. Қатты жауын-шашын медицина қызметкерлерінің қозғалысын қиындатып, науқастардың емханаларға жетуіне кедергі келтіріп отыр. Серіктес ұйымдардың хабарлауынша, шамамен тоғыз медициналық нысан түрлі зақым алған.
ДДСҰ өкілі Газа тұрғындарына шатырлар, берік пластик жабындар, брезент, таза су жеткізуге және қалдықтарды шығаруға қажетті материалдар шұғыл қажет екенін айтты.