Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде онкологиялық аурулармен күресте оң өзгерістер бар екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ұйымға сілтеме жасап.
Алайда ұйым бұл дерттің күрт өсуінің алдын алуға бағытталған шаралар әлі де жеткіліксіз екенін ескертті.
Обыр – қалыптан тыс жасушалар кез келген дерлік ағзада бақылаусыз көбейіп, дененің өзге бөліктеріне таралуы мүмкін аурулар тобы. Ол бүгінде әлемдегі өлім-жітім себептері арасында екінші орында тұр.
Онкологиялық аурулар зақымданған тінге қарай аталып, олардың 200-ден астам түрі бар. Бұл дерттің пайда болу жиілігі әр адамда әртүрлі.
Ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрлеріне тері обыры, сүт безі, өкпе, қуық асты безі, асқазан, тоқ ішек (ободочная ішек), жатыр мойны обыры (цервикалдық рак), сондай-ақ лимфа түйіндерінің ісіктері жатады.
Әдетте обыр бірнеше кезеңнен тұратын үдеріс арқылы дамиды: қалыпты жасушалар алдымен обырға дейінгі өзгерістерге ұшырап, кейін қатерлі ісікке айналады.
Онкологиялық аурулардың пайда болу себептері қатарында генетикалық бейімділік, яғни тұқым қуалаушылық, сондай-ақ сыртқы факторлар бар. Оларға темекі шегу мен алкогольді тұтыну, күн сәулесінің шамадан тыс әсері, радиация, канцероген деп танылған кейбір химиялық заттар, вирустық инфекциялар, дұрыс тамақтанбау және ауаның ластануы жатады.
ДДСҰ құрамындағы Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің (IARC) мәліметінше, әлемдегі әрбір бесінші адам өмірінде кем дегенде бір рет онкологиялық ауруға шалдығады. Рактың алдын алу ХХІ ғасырдағы қоғамдық денсаулық сақтау саласының ең маңызды міндеттерінің бірі саналады.
IARC болжамына сәйкес, 2045 жылға қарай әлемде қатерлі ісік деректерінің саны 32,6 миллионға жетуі мүмкін.
Сонымен қатар ғылыми деректерге сүйенсек, онкологиялық аурулардың шамамен 40 пайызы ерте анықталған жағдайда емдеуге келеді.
AA агенттігінің тілшісі 4 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай онкологиялық ауруларға қатысты деректер мен хабарламаларды жинақтады.
ДДСҰ: Оңтүстік-Шығыс Азияда сырқаттанушылық көбейген
ДДСҰ дерегіне сәйкес, 2022 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде 2,4 миллион жаңа қатерлі ісік жағдайы тіркелген. Оның ішінде 56 мыңы балалар арасында анықталған. Ал онкологиялық аурулардан қайтыс болғандар саны 1,5 миллионға жеткен.
Соңғы жылдары өңірде қатерлі ісікпен күрес жұмыстары айтарлықтай жандана түсті.
Мәселен, Бутанда 2020 жылы халықтың 90 пайыздан астамы асқазан, жатыр мойны және сүт безі обырына скринингтен өткен. Нәтижесі оң шыққан адамдар қажетті ем алған.
Таиландта онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жалпыға бірдей медициналық сақтандыруды қамтамасыз ету науқаны іске қосылды.
Оңтүстік-Шығыс Азияның жеті елінде онкологиялық ауруларды тіркеу жүйесі құрылған, ал сегіз елде адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинация бағдарламалары енгізілген.
Сонымен қатар бұл өңірде темекі өнімдерін тұтынудың төмендеу қарқыны әлем бойынша ең жылдам деңгейде тіркелген.
Дегенмен өңірде канцерогендік заттарды бақылау саясаты әлі де жеткіліксіз күйінде қалып отыр.
Көптеген елде қатерлі ісіктің алдын алуға арналған шаралар іс жүзінде толық іске аспайды, ал онкологиялық ауруларды емдеу медициналық сақтандыру жүйелері арқылы толық қамтылмайды.
Қатерлі ісікпен күрес стратегияларының толық орындалмауына байланысты алдын алуға болатын миллиондаған ауру жағдайы әлі де тіркеліп келеді.
Көбіне обыр ауруы кеш сатысында анықталады, бұл емдеудің тиімділігін төмендетіп, шығынын арттырады.
Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің өсіп келе жатқан онкологиялық жүктемені басқару мүмкіндігі шектеулі, ал онкологиялық ауруларды тұрақты бақылау жүйесі өңірдің барлық мемлекетінде бірдей жолға қойылмаған.
ДДСҰ Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде қатерлі ісіктің алдын алу және оны басқару жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған стратегия әзірледі.
Бұл стратегия аясында онкологиялық науқастарды денсаулық сақтау жүйесінің негізгі өзегіне айналдыру көзделген.
ДДСҰ қатерлі ісікпен тиімді күрес тек үкіметтердің жетекші рөлі, ДДСҰ мен серіктестердің қолдауы және мықты салааралық ынтымақтастық болған жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.