Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қаржыландырудың қысқаруына байланысты 1 282 қызметкерін қысқартты. Бұл туралы ұйымның Женевада өткен атқару комитетінің 158-сессиясында ұсынылған баяндамада айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, ДДСҰ шамамен 1,1 мың жұмыс орнын уақытша келісімшарттардың аяқталуы мен кейбір қызметкерлердің мерзімінен бұрын зейнетке шығуы есебінен сақтап қалған. Соның нәтижесінде штат саны айтарлықтай қысқарған.
Ұйымның бағалауынша, 2026 жылдың ортасына қарай ДДСҰ қызметкерлерінің саны 7,3 мың адамды құрайды. Бұл 2025 жылдың басындағы 9,4 мың қызметкермен салыстырғанда 22 пайызға аз.
Айта кетейік, 2025 жылдың мамырында ДДСҰ-ға мүше елдер 2026-2027 жылдарға арналған қысқартылған бюджетті бекітті. Оның көлемі 4,2 млрд доллар болды. Бұл бастапқыда жоспарланған 5,3 млрд доллардан 21 пайызға төмен. Бюджеттің қайта қаралуына ұйымның ірі донорларының бірі – АҚШ-тың ДДСҰ-дан шығу жөніндегі шешімі әсер етті.
АҚШ-тың ұйым құрамынан толық шығу мәселесі әзірге түпкілікті шешілген жоқ. ДДҰ мәліметінше, бұл үшін Вашингтон 2024-2025 жылдары төленбеген шамамен 226 млн доллар жарнаны өтеуі тиіс.