Дауыс...

8 Қаңтар 2021, 11:20
3445
Бөлісу:
Дауыс...
Фото: Болат АСКЕР

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дауыс – бұл өкпе арқылы тыныс алатын жаратылыс иелерінен шығатын үн. Мәселен, адамның даусы.

Әлдекімге ойыңды, пікіріңді, көзқарасыңды, сезіміңді, ренішіңді білдіру үшін де белгілі деңгейде дыбыстау керек. Яғни сөйлеу керек. Қазір әлемді былай қойғанда, өз айналамызда жүрген түрлі саладағы, түрлі адамдардың жан дауыстары шығып жатыр. Бірақ солармен қатар жүрсек те дауыстарын еш естімейтін болып алдық. Өзбек ақыны Мұхаммед Салықтың: «Біреудің жылағанын естіп тұрып естімесең, теңіз туламай қайтсін, тау теңселмей қайтсін» деген мағынаға келетін жыр жолдары бар еді. Расында да, «тау қозғалса қоғалмайтын» меңіреу кейіпке еніп алдық.

Біз керісінше даусы жоқтарды тыңдайтын қоғамға айналдық. Телеарналар мен әлеуметтік желілерден 24 сағат бойы даусы жоқ «әншілердің» ішкен-жегені мен айтқан өсегін тыңдаймыз. Және оны талқылаймыз.

Қарапайым ғана мысал. Димаш алғаш сахнаға шығып, ән салғанда естіген жоқпыз. Ал бүгін сол Димаш Құдайбергеннің даусы, ерекшелігі туралы әлемнің мен деген музыка мамандары талдап, таңғалып, оны түсіндіріп жатыр. Тіпті Димаш ең жоғары нотаны алғанда «бұндай нота фортепианода да жоқ» десті. Ал біз оны ести алмадық. Біз естімей жүрген дауысты әлем естіді. Сол еститін әлем «Дайдидауды» хормен шырқады. Содан кейін ғана «Еее, біздің Димаш ән айтады» дестік. Әлі де болса бір орындауын мұқият тыңдап, оны сауатты әрі кәсіби тұрғыда талдаған жоқпыз. Себебі біз естімейміз...

Заманның даусы

Әр заманның, әр дәуірдің өз даусы болады. Мәселен, Бұхар жыраудың, Кетбұғаның, Доспанбеттің, Қазтуғанның, Исатайдың даусы. Ол дауыстар халықтың мұң-мұқтажын, қасіретін, талабын айтатын. Ал сол дауыстар ғасырдан-ғасырға жалғасып, бізге дейін қалай жетті? Неге ғасырлар кеңістігіне сіңіп, жоқ болып кетпеді? Себебі оларды еститін хан бар еді, сұлтан бар еді, бек бар еді. Тыңдайтын, ақылдасатын, кеңесетін. Қараның даусы ханға жететін. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» делінетін ол замандарда.

Ал Абайдың даусын еститін ешкім болмады. Содан ғой «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым» дейтіні. Кейін «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным» деп күйінді. Бүгінгі таңда да сол Абайдың даусын ести алмай жүрміз. 

Кейінгі кеңестік кезеңде бас та, тіл де кесілді. Мүлде мылқау ұлтқа айналдық.

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға да отыз жыл болды. Еліміздің екінші Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халық пен билік арасындағы сонау жылдары үзіліп қалған диалогты қайта жандандыру үшін де «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын қолға алуды тапсырды. Расында да, халықтың даусын естімейтін жүйенің ұзаққа бармасы белгілі. Ал біз мәңгілік ел болуды межелеп отырған мемлекетпіз.

Болашақтың даусы

Алаштың ақыны Мағжан Жұмабаев басы байлауда, өзі айдауда жүріп: 

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!

Алаш атын аспанға,

Шығарады олар бір таңда», - деп жырлады.

Ақынның «жастар» деп отырғаны – болашағы еді. Ұлтының, халқының ертеңіне деген сенімі еді. Үміт пен сенім бар кезде ғана болашақ болады.

Мағжан сенген болашаққа біздің де сенгіміз келеді. 10 қаңтар күні елімізде өтетін Мәжіліс депутаттарын сайлау науқанына 5 партия қатысуда. Бұл жерде де барлығын дауыс шешеді. Дауыс.

Кез келген билік халықтың даусына тәуелді екендігінің бір көрінісі осы. Дегенмен, бұл бүгінгінің даусы деуге келіңкіремейді. Себебі ертеңгі елдің тағдыры мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей байланысты болғандықтан да бұл дауыс – болашақтың даусы.


Өзгелердің жаңалығы