Дауыс беру. Мүмкіндігі шектеулі жандар құқығы

31 Қазан 2022, 16:31
3025
Бөлісу:
Дауыс беру. Мүмкіндігі шектеулі жандар құқығы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 600 мыңнан астам мүгедек жан бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында олардың да құқығы сақталуы керек. Сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қандай жағдайларды ескеруі керек? Талдап көрелік. 

Нұсқаулық не дейді?

 Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы № 21қаулысына сәйкес, сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін дауыс беруге арналған үй-жайлар (пункттер) орналасатын ғимаратқа кіреберісте тұтқалар, төсеніштер, пандустар, сондай-ақ басқа да қажетті құрылғылар қойылуы қажет. Сондай-ақ дауыс еру алаңының бірінші қабатта орналасуы маңызды. Ал егер жоғары қабаттарда болған жағдайда көтеру тетігі болу керек. Сондай-ақ автокөлік тұрағы үшін арнайы орындар ескерілуі керек. Және мүмкіндіктері шектеулі арнайы жабдықталған бұрыш көзделуі қажет. Олар:  мониторлы компьютер (диагоналі кемінде 54 сантиметр), онда мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін бейімделген форматта осы Нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген ақпарат орналасуы тиіс, құлақаспаптар, Брайль қарпінде орындалған сайлау туралы ақпараты бар арнайы папка және қосымша жарықтандыру, ұлғайтқыштар.

Дауыс беру. Мүмкіндігі шектеулі жандар құқығы

Сонымен қатар дауыс беруге зағип-саңырау және саңырау сайлаушылардың көпшілік санының қатысуы жорамалданып отырған сайлау учаскелері жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің жәрдемдесуімен сурдоаудармашылар, тифлосурдоаудармашылар қамтамасыз етілуі қажет. Сондай-ақ зағип жандар сайлау учаскесіне кіргенде оған жәрдем ететін адамның болуы да құптарлық.

Бүгінгі ОСК отырысында сөз алған комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров те нұсқаулық бойынша барлық өңірлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқандығын және оның орындалуы тікелей өзінің бақылауында болатынын айтқан еді.

2017 жылдан бастап Орталық сайлау комитеті жанынан мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобын құрды. 2022 жылы 9 қыркүйекте жаңа жұмыс тобы құрылды. Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен 29 сәуірге дейін Қазақстанның барлық өңірінде 10 мыңдаған адаммен 70-ге жуық кездесу өткіздік. Кездесу барысында мүгедектігі бар адамдардың құқығы туралы көптеген мәселелер сөз болды. Барлық өңірдегі әріптестерімізге нұсқаулық бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Және мүгедектерге жағдай жасау ОСК қызметкерлері мен тікелей менің қадағалауымда болады, – деді Нұрлан Әбдіров.

Ақпараттандыру қалай жүзеге асады?

Алдымен сайлау туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етілуі маңызды.  Және олар мүмкіндігі шектеулі жандарға сай брайль қарпімен, ірі қаріпте, аудиоформатты, ым тілін қамтитын түрлі қолжетімді форматтарда болуы шарт. Алдын-ала ақпараттандыру барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау учаскесіне келу мүмкіндігі немесе үй-жайда тапсыру жағдайы ескерілуі керек. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде кандидаттар туралы ақпараттар ірі шрифтте, сайлау комиссиясының аты-жөні толық жазылып тұрғаны абзал.

Сайлау учаскелеріне барып дауыс бергісі келетін мүмкіндігі шектеулі жандардың саны аз емес. Олар арнайы сайлау учаскелеріне дауыс беруге келгеннен кейін қажеттілігіне байланысты ыңғайлы форматта сайлау материалдарын, бюллетеньдерді ұсыну бұл сайлау комиссиясының міндеті болып саналады. Осыған байланысты ОСК жүйелі түрде жұмыстар атқарады,- деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.

Дауыс беру. Мүмкіндігі шектеулі жандар құқығы

Сайлауда дауыс беру – азаматтық міндетім

Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» бірлестігінің, «Жылы жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Сағатбек Қуанышбайұлы сайлауға барып, дауыс беру – азаматтық міндетім дейді.


«20 қараша елімізде ауқымды саяси шара болғалы отыр. Ауыл әкімдерінен бастап, депутаттар сайлауы, Президент сайлауы жүйелі түрде өтіп келеді Биылғы Президент сайлауы да биылғы өзгерістерді ескере отырып, жақсы жүйемен өтеді деп ойлаймын. Әрбір азамат елі, жері үшін бей-жай қарамайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамнан алыстамай, сайлауға бір адамдай үлес қосу керек деп ойлаймын,- дейді ол.

Бүгінгі таңда өзі секілді тағдырластарын қоғаммен байланыстыруда көптеген іс-шаралар ұйымдастырып жүрген Сағатбек оны жұмысы емес, керісінше адами парызы деп біледі. Және ол мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамнан тыс қалмай, барлық мүмкіндікті пайдаланып, елінің дамуы жолында барынша күш жұмсауы қажет екенін айтады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен сайлау науқандарында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы такси көліктері қызмет жасаған. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын таппақ.

Өзгелердің жаңалығы