Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ынтымақ ауылының 90 пайыз тұрғыны 13.00-ге дейін дауыс берді.
Облыс орталығынан 110 шақырым қашықтықта жатқан Ынтымақ ауылында 350 адам тұрады. Бүгінгі Қазақстан президентінің сайлауында ауыл xалқының 155-і дауыс береді деп жоспарланған.
«Ынтымақ ауылында орналасқан №535 сайлау учаскесі таңғы 7.00-ден ашылды. Ауыл тұрғындары кезектен тыс президент сайлауына белсенді түрдк қатысып жатыр деп айтуға болады. Себебі сағат 13.00-ге дейін сайлаушылардың 90 пайызы дауыс берді. Халықтың көңіл-күйі жоғары. Барлығы бір адамдай сайлауға қатысып, ҚР азаматы ретінде дауыс беру құқықтарын әрқайсысы толыққанды пайдаланып жатыр», - дейді Ынтымақ ауылы №535 сайлау учаскесі комиссиясының төрайымы Назым Майкубенова.
Комиссия төрайымының айтуынша ауылда 155 сайлаушы бар. 13.00-ге дейін оның 137-сі дауыс берген.
«Ауылдың егде жастағы қарияларына және алғаш рет дауыс берген жастарына кішігірім сыйлықтарымыз бар. Сондай-ақ, бізде бүгін концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Буфет жұмыс істеп тұр», - дейді Н.Майкубенова.
Ынтымақ ауылының тұрғыны Назерке Жидебай бірінші рет саяси науқанға қатысып отыр. Оның айтуынша, сайлау жастардың отан алдындағы парызын өтеудің бір көрінісі іспеттес.
«Сайлауға ерекше толқыныспен келдім. Себебі сайлауға бірінші рет қатысып тұрмын.Әрбір қазақстандық жас осы сезімді сезінді деп ойлаймын. Ел басына xалық қамын ойлайтын, жастардың болашағына алаңдайтын басшы келсін», - деген тілегін жеткізді Назерке.