Зеренді, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақмола облысы Зеренді кентінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен "Зерен-2019" республикалық танымдық жастар лагері өтіп жатыр.
Бүгін, яғни 7 шілдеде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев лагерьге келіп, қатысушылармен пікір алмасты. Ол алғысөзінде мемлекеттің дамуында жастардың рөлін атап өтті.
"ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға ерекше қамқорлық жасап келе жатқаны белгілі. Биылғы Жастар жылы Елбасы қамқорлығының айқын белгісі. Мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күші жастардың күш-қуатын, білімін, болашаққа құштарлығын пиғылы теріс күштер әркез өз мүддесіне пайдаланатынын айтып кетуге тура келеді. Бұл әрбір жастың болашағын байлайтын әрекет. Болашағын ойлайтын әр жас осыны еске ұстағаны жөн", - деді Абаев.
Министр ел жастары мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығын сезініп, елдің ертеңіне деген зор жауапкершілікті сезінеді деген ойда екенін айта кетті.
"Бұл жолда қазақ жастарының бірлігі мен ынтымағы шешуші рөл атқарады. Бірлікті ту еткенде ғана мақсатымызға жетеміз. Білім алу жолында, жалған ұрандарды қолданбай нақты қадамдар жасау керек. Жастарға берілген мол мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланған жас қана лайық болашақтың иесі атанады", - деді ол.
Айта кетсек, жоба Жастар жылы аясында жүзеге асырылып отыр. Зерендіге Қазақстанның әр өңірінен талантты жастар жиналып, кәсіпкерлік төңірегіндегі мастер-класс, тренингтерге қатысып жатыр.
"Бұл жерде жастардың демалысы ғана емес, олар оқыса, жобаларын таныстырса деген мақсатта ұйымдастырылды. Жалпы 600 адам қатысады. Үш маусым аяқталған соң жобалардың нәтижесін шығаратын боламыз. Көптеген қонақ келді. Шетелдегі қазақ диаспорасының да өкілдері келді", - деді министр.
Дәурен Абаев жастар қай салада болсын өздерін жақсы көрсететінін, өте талантты, көздері ашық екенін айтты.
Ақбола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова шара қатысушыларына жылы лебізін білдірді.
"Осы жоба Жастар жылы аясында жалғасын тауып, еліміздің барлық өңіріндегі жастардың басын қосқан тарихи оқиғаға айналды. Жастар үшін Ақмола облысы көп жағдай жасап жатыр. Жақын болашақта көптеген жоспарымыз бар. 2020 жылы облысымызда Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастық форумы өтеді. Көкшетау қаласында көпсалалы жасөспірімдер мен балалар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Біздің шығармашылық, ғылым мен спорт саласында дарынды жастарымыз көп. Олардың кейбірі қазір сіздермен бірге. Таза ауа мен әсем табиғат сіздерге шығармашылық шабыт пен күш-қуат береді деген сенімдеміз. Әрқайсысыңыз туған елдің дамуына үлкен үлес қосып, Қазақстанның абыройлы азаматы болуларыңызды тілеймін. Алға қойған барлық мақсатқа жетіңіздер", - деді әкім орынбасары.
Содан соң қатысушылар Ақпарат және қоғамдық даму министріне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Олардің бірі өз жобалары туралы айтып, мемлекет қолдауын сұраса, екінші бірі ел ішіндегі мәселелерді көтерді. Билік пен жастар арасындағы диалогтан соң естелік суретке түсті.
Лагерь қатысушыларымен сұхбаттасқан кезде олар жобаларының ерекшелігі туралы айтып берді.
Қостанайлық Әсел Сырбаева ауылдық мектеп мұғалімі. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудан атынан көптеген үкіметтік емес ұйым атынан жобаларды қорғайды. Ол лагерьге жолдама алғанын естігенде қатты қуанғанын айтты.
"Мұғаліммін, әрі жеке кәсіпкермін. Фитнес клуб ашып жатырмын, кафені жалға алып бизнес жасадым. Қазіргі заманда біреуге жұмыс істеп, тәуелді болғанша өзіңе ақша жасаған өте пайдалы. Осы жерге келгенде тренинг, лекцияның бәрі маған ұнап жатыр. Жас кәсіпкер ретінде өте пайдалы ақпараттар алып жатырмыз. Маркетинг жайлы өте қатты білмейтін едім. Өзім ашып жатқан кәсібімді қалай жарнамалау керек, қалай табысты болатыны туралы жақсы мағлұматтар алдым. Бұл жерде мен секілді жастар көп. Барлығының да тың идеялары бар. Оларды тыңдау арқылы ауданыма, ауылыма пайдалы әртүрлі идея туындап жатыр. Барған соң іске асырамын деп ойлаймын. Өз жобаммен келдім. Оқу барысында ойым түбегейлі өзгерді. Стартапты бұрын басқаша түсінетінмін. Менің бастамаларым жеке кәсіп, бизнес ретінде екен. Ал мұнда келіп жаңашылдығы бар заттарға бетбұрыс алып, басқа бағытта жұмыс істеп жатырмын", - дейді қатысушы.
Қызылордадан келген Жұмабек Әділ туған жерінде туризм саласын дамытқысы келеді.
"Қызылорда облысындағы туризмді танытқым келеді. Қызылорда – экологиялық сектор. Бізде қазір Байқоңырға туристік сапарлар ұйымдастырылады. Аралға да сондай сапарлар ұйымдастырғымыз келеді. Өйткені ол кезінде тамаша жер болған. Демала отырып табиғатқа қамқор болу басты мақсатымыз, яғни экотуризмді дамытқымыз келеді", - дейді ол.
26 жастағы Юсуп Барзаханов Шымкенттен келген. Жас жігіт эко-пакеттер дайындау бойынша бизнес-жоспар әзірлеген.
"Жоба полиэтилен пакеттерін пайдалануды азайтуға бағытталған. Әрбір өңірде ірі дүкендер осындай өнімді пайдалануын қамтамасыз ету үшін экоөнімді енгізгім келеді. Атырау қаласының гипермаркеттерімен келістік. Экосөмкелер табиғи талшықтардан жасалған. Әрине, әдеттегі пакеттен қымбат – 147 теңге, бірақ оны бірнеше рет қолдануға болады. Біздің сөмкеміз орта есеппен 10-12 килограмға дейінгі салмақтағы заттарды көтереді. Тіпті егер адам экосөмкеден айырылып қалса да, онда ол полиэтилен пакеттері сияқты зиян келтірмейді. Әрбір пакетте балаларға экологиялық білім беретін пазлдар болады", - деді Барзаханов.
Бірнеше күн бойы жастар командаларға бөлініп, менторлардан сабақ алды. Олардың әр күні, әр сағаты жоспарланған. Жастар азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салаларында білім алады.
12 ментор жобалық 36 команданың стартап-жобаларын әзірлеп, әрі қарай жүргізуге көмектеседі. Қазір командалар нарықты зерттеп, нақты бизнес модельдер құрып жатыр.
Алматы менеджмент университетінің аға оқытушысы Ділмұрат Сабиров үш командаға жетекшілік етеді. Ол жастарға кәсіп бастау жолында қандай негізгі ұстанымдарды ұстану керек екенін айтып, қажетті модельдерді көрсетеді. Оның айтуынша, жастардың кейбір жобалары өте жоғары деңгейде, бірақ оны нарыққа шығаруға қиналады.
"Менторлар мен спикерлер нарыққа шығару жолдарын көрсетіп, қандай құралдар қолдану керек екенін айтып, көмектесіп жатыр. Ерекше жобалар жасыл экономика саласында. Ментор ретінде бизнесті құру барысында неден бастау керек, қандай нарыққа шығу керек, қалай ұсыну керек осыларды түсіндіреміз. Кейбір қызық жобалар бар, бірақ іске асыра алмай жатқан кезде біз оларға шығу жолдарын көрсетеміз. Кейбір жобаларда қаражат мәселесі туындап отыр. Жобалар іске асырылатын болса, мемлекет тарапынан қолдау болады деп ойлаймын", - дейді ментор.
Айта кетсек, лагерьге 50-ден астам қазақстандық және халықаралық сарапшы жиналды. Олардың қатарында өз білімі мен тәжірибесін бөлісуге дайын бизнес, академиялық қауымдастықтардың, ҮЕҰ, стараптардың жекетшілері мен өкілдері бар.
Лагерь 3 шілдеде жұмысын бастады және шілденің соңына дейін жалғасады. Шараның үш маусымында 18-29 жас аралығында 600 қатысушы білім алады. Іріктеу кезеңі 27 мамыр мен 30 маусым аралығында zerencamp.kz сайтында өтті. Қатысушылардан 1000-нан астам өтінім келіп түскен.
Лагерьдегі үш ауысымның қорытындысы бойынша үздік 30 жоба қаржыландырылады. Жалпы жүлде қоры –15 млн теңге.
Жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен Қазақстанда Жастар жылын өткізуге қатысты Жол картасы аясында Қазақстан Азаматтық альянсы жүзеге асырып жатыр.