Дәурен Абаев Венеция биенналесіндегі Қазақстан павильонының ашылуына қатысты

21 Сәуір 2022, 16:09
1617
Бөлісу:
Дәурен Абаев Венеция биенналесіндегі Қазақстан павильонының ашылуына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Қазақстан 59-шы Венеция биенналесінде тұңғыш рет өзінің ұлттық павильонын ашады. Атаулы іс-шара 23 сәуір мен 27 қараша аралығында өтеді, деп хабарлай ды АҚДМ баспасөз қызметі.

 Бұған дейін Қазақстан суретшілері биенналеге 2005 жылдан 2013 жылға дейін Орталық Азия елдерінің павильоны аясында, ал кейінгі жылдары – жеке бастамалар аясында қатысып келген.

Қазақстан павильоны жобасын ORTA шығармашылық ұжымы мен Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі бірлесіп жеке қайырымдылық қорлар мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Павильон тақырыбы алматылық суретші және жазушы Сергей Калмыковқа арналған, оның шығармашылығы британдық сюрреалист Леонора Каррингтонның «Арманның бал дәмі» атты кітабының құрметіне таңдалған биылғы биенналемен тығыз байланысты.

Осының негізінде отандық павильон әлемге әйгілі заманауи өнер қайраткерлерінің экспозицияларымен бір қатарда тұр. Көрмеге әлемнің 58 елінен 213 суретші қатысады, 430-дан астам жұмыс ұсынылады, олардың 80-і тікелей биенналеге арналған.

Іс-шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ұйымдастырушыларға, меценаттарға, дипломаттар мен суретшілерге алғысын білдірді.

Мұнда, «Қазіргі заманғы өнер әлемінің олимпиадасы» таланттарды іздейді. Біздің әлемге көрсететін дүниелеріміз бар, мақтана алатын және таң қалдыратын нәрселеріміз бар. Барлық уақытта  да суретшілеріміз өзіндік ерекшелігі мен қайталанбас қолтаңбасымен дараланады, - деді министр.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев Қазақстанның осы көрмеге қатысуы игі дәстүрге айналатынына және болашақта қазақстандық суретшілердің жоғары деңгейдегі шығармашылық жетістіктерінің куәсі болатынымызға сенім білдірді.

Өз кезегінде қазақстандық павильонның комиссары Меруерт Қалиева Венецияда қазақстандық павильонның ашылуымен қатар, биыл жазда Қазақстанда арнайы павильон бағдарламасы іске қосылатынын атап өтті.

Келушілер соңғы бес жыл ішінде өзінің жаңашыл идеяларымен жұмыс істеп келе жатқан ORTA сияқты Калмыковтың әлеміне таң қалатынына сенімдімін. Венеция биенналесіндегі Қазақстанның ұлттық павильоны қазақстандық арт-сахнада көптен күткен оқиға болды, осы жобамен жұмыс істейтін команданың бір бөлігі болу мен үшін үлкен мәртебе. Өткен жылдары Венецияда Қазақстанның ұлттық павильонын талқылауға бастамашылық ету үшін қатарлас бағдарламалар, көрмелер мен жобалар ұйымдастырған суретшілердің, кураторлар мен өнертанушылардың күш-жігерінсіз павильон ашылмас еді, - деді Меруерт Қалиева.

Венеция биенналесі 1895 жылдан бастап Венецияда екі жылда бір рет өткізілетін ең беделді халықаралық көрмелердің бірі екенін атап өткен жөн. Бұл айтулы оқиға әлемдік өнердің даму бағытын айқындайды, сондай-ақ заманауи трендтерді кеңінен таныстырады.

Өзгелердің жаңалығы