Дәурен Абаев спортшылардың бір аптада жеткен жетістігін қорытындылады

23 Сәуір 2022, 10:37
1789
Бөлісу:
Дәурен Абаев спортшылардың бір аптада жеткен жетістігін қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев отандық спортшыларымыздың бір апта ішінде жеткен жетістіктері туралы айтты. Бұл туралы министр Facebook-тегі парақшасында жазды.

Дәстүр бойынша әр жұма сайын ірі халықаралық жарыстарда спортшыларымыз жеткен жетістіктерді қорытындылап отырамыз. Өткен апта біз үшін өте нәтижелі болды. Жерлестеріміз бірінен соң бірі жеңіс тұғырына көтеріліп жатты. Мұның барлығы олар төккен тер мен жаттықтырушылары жасаған тынымсыз еңбектің жемісі, - деді Мәдениет және спорт министрі.

Ол апта ішіндегі жеңістерді қорытындылады:

1. Ұлан-Батырда өткен күрес түрлерінен Азия чемпионаты (24 сәуірге дейін). Сайыс нәтижесінде қоржынымызға екі алтын (Әлімхан Сыздықов, Мейіржан Шермаханбет), бес күміс (Аманғали Бекболатов, Мирамбек Айнағұлов, Мақсат Ережепов, Абылайхан Әмзеев, Диас Қален) және екі қола медаль түсті (Нұрсұлтан Тұрсынов, Ернұр Фидахметов). Осылайша жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді. 

Сондай-ақ осы жарыстағы әйелдер күресінен егіз қыздарымыз Мәдина Бақбергенова мен Жәмилә Бақбергенова барлық қарсыласын ұтып Азия чемпионы атанды. Гүлмарал Еркебаева қола медальға қол жеткізді.

2. Теннис. Қазақстан Германияны жеңіп, алғаш рет Билли Джин Кинг Кубогының финалына шықты.

3. Ташкентте өткен көркем гимнастикадан әлем кубогы. Қазақстандық команда доп/лента жаттығуында күміс және құрсаумен жаттығуда қола медаль ұтып алды. Сондай-ақ топтық жаттығуларда көпсайыстан қола жүлдеге қол жеткізді. Жеңіс тұғырынан көрінген жерлестеріміз: Сагина Мұратқызы, Айсұлу Мырзағалиева, Айдана Шаяхметова, Аружан Қасенова, Әсел Шүкірбай.

4. Таллинде өткен мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты. Аталған жарыста қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров күміс медаль иеленді.

5. Парижде өткен семсерлесуден әлем чемпионаты. Руслан Құрбанов турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Әрбір жеңіс – барша қазақстандықтың қуанышы. Жаңа медальдарымыз, жаңа жетістіктеріміз көп болсын! Спортшыларымызға табыс тілеймін! – деп жазды Дәурен Абаев.

Өзгелердің жаңалығы