Дәулет Мұқаев лагерь сөзін басқаша атауды ұсынды

21 Маусым 2023, 13:58
1487
Бөлісу:
Дәулет Мұқаев лагерь сөзін басқаша атауды ұсынды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн. Мұндай ұсынысты депутат Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Дәулет Мұқаев жазғы лагерь мәселесін көтеріп, Премьер-министр мен Оқу-ағарту министріне сауал жолдады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 сыныпта оқитын балалардың 85,3 проценті қамтылады. Олардың жалпы саны - 2,8 млн адам. Соның ішінде жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар. Республика бойынша демалыс кезінде қала сыртындағы 218 және мектеп жанындағы 10,2 мың лагерь өз есігін ашады. Бұл тек ресми деректер. Ресми деректерге енбей қалған лагерьлер қаншама, - деді депутат.

Мұқаев лагерьлер пайда табудың көзіне айналып бара жатқанын айтты.

Балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың негізге көзіне айналды. Жаз шықса болды интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамалары көз тартады. Бұл лагерьлердің ұйымдастырушылары кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан рұқсат алу ғана жеткілікті, - дейді ол.

Дәулет Мұқаев Үкіметке бірнеше ұсынысын айтты.

Депутат жазғы уақыттарда балалардың сауықтару жұмыстарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекіту керек екенін айтты.

Лагерь ұйымдастырушылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь мазмұны мен материалдық-техникалық базаларына сәйкес тексеруден өтіп, лицензиялануы керек. Мүмкіндік болса барлық лагерь орталықтандырылған бірыңғай сайтта болғаны абзал. Лагерьлерде бүгінгі таңда маман тапшылығы қатты сезіледі. Лагерьлердің басым көпшілігінде балаларды қарауға уақытша жұмыс ретінде студенттер тартылып жатады. Өз білімін толық жетілдірмеген студенттер мектеп оқушыларын қалай тәрбиелейді? Сондықтан лагерьде жұмыс жасайтын мамандарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, мамандандырылған ұстаздар тартылуы керек, - деп есептейді мәжілісмен.

Сонымен бірге депутат Мұқаевтың сөзіне қарағанда, лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды.

Әйтсе де көп ата-ананың қалтасына ауыр келетінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жеке меншік лагерьлерден де талап етілуі керек. Кеңестік идеологиямен санамызға сіңген лагерь сөзін жазғы сауықтыру орталықтары сөзімен ауыстыратын уақыт жетті. Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатта екенін білеміз. Аты қорқынышты Карлаг, Алжир лагерлерінің пайда болу тарихы баршағы мәлім. Сондықтан ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор деп білемін. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн, - деп айтты депутат.

Өзгелердің жаңалығы