Дастан қаза тапқан түні оның туған ағасы қызмет ететін ғимратқа да шабуыл жасалған – марқұмның әкесі

27 Қаңтар 2022, 22:45
13503
Бөлісу:
Дастан қаза тапқан түні оның туған ағасы қызмет ететін ғимратқа да шабуыл жасалған – марқұмның әкесі
PHOTO

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Дастан Әділбай – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментіне қарасты Терроризмге қарсы күрес орталығының бастығы, подполковник еді. Ол бүлікшілермен қақтығыс кезінде соңғы демі қалғанша күресті, ақыры қаскөйдің көздеп атқан оғынан көз жұмды. 

Марқұмның әкесі Әділбай Шатырбаевтың айтуынша, ұлы отбасының кенжесі екен. Тумысынан өжет, ақылды, тазалыққа жаны құмар болыпты. 

Дастан қаза тапқан түні оның туған ағасы қызмет ететін ғимратқа да шабуыл жасалған – марқұмның әкесі

«Қанды қаңтар», «Қаңтар қырғыны», «Қаңтар көтерілісі». Күні кешегі, Барыс жылы бастала салысымен орын алған жайсыз оқиға осылай аталып жүр ғой. Осылай аталып қалатын да шығар. Ақ-қарасы әлі тексеріліп жатқан көрінеді. Оның қорытындысын уақытында көрерміз. Десе де, бұл оқиға менің отбасыма орны толмас қайғы әкелді, қабырғамызды қайыстырды, - деді ол. 

Осыдан біршама уақыт бұрын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сол қырғында ерлікпен қаза тапқан ҰҚК қызметкерінің ата-анасына екінші дәрежелі «Айбын» орденін табыстаған болатын. Табыстап тұрып, «Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұсынылып отырған награда. Дастандай батыр тәрбиелеп, өсірген Сіздерге мың алғыс! Жыламаңыздар! Сіздер жыласаңыздар, Дастанның жары мен балалары қиналады», деп жұбатқан қамкөңіл, қайғы жұтқан ата-анасын. 

Дастан қаза тапқан түні оның туған ағасы қызмет ететін ғимратқа да шабуыл жасалған – марқұмның әкесі

 Ал Әділбай қария бейбіт шерудің соңы бүлікке ұласып, лаңкестердің бас көтеретінін кім білген дейді. Оның пайымынша, елдігіміз сыналған уақытта ішкі әскер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері міндетін абыроймен атқарды. Өкінішке қарай, лаңкестерге қарсы тұрып, Антына ақтық демі қалғанша адал болған қаһарман ұлдардан көз жазып қалдық. Алдыңғы шепке қасқайып шығып, ерлікпен жан тапсырғандардың ішінде Дастан Әділбай да бар.

Дастан қаза тапқан түні оның туған ағасы қызмет ететін ғимратқа да шабуыл жасалған – марқұмның әкесі

Дастанымның даңқы өшіп қалмаса екен, ендігі дәрегейіміз де сол ғой. Жетімсіреген ұл-қыздары әкелерімен мақтансын, - дейді аһ ұрған әке. 

Анасы үйінің есігі ашыла қалса, «Дастаным келіп қалды ма?» деп әлі күнге алаңдайды екен. 

Ұлымның мұздай денесін ұстаймын деп ойлаппын ба?! - деп көз жасына ерік береді ол. 

Қаңтардың бесінен алтыншы күнге ауған түн еді ғой. Қарулы топ Тараз қаласындағы ҰҚК-нің ғимаратына шабуыл жасады. Сол текетіресте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері стратегиялық маңызы бар нысанды жандарын салып қорғап қалды. Үш жүзге тарта бүлікші бірнеше мәрте түрлі қарумен атойлапты. Бақылау камераларынан ұлымның алдыңғы шепте тойтарыс беруді ұйымдастырып, өзі де жанын беріп арпалысып жүргенін аңғардым. Таң ата қарулы қаскөйлер әлсірей бастаған сияқты. Олар енді басқа да құйтұрқы амалдарға көшіп, оқ жаудыра түседі. Соңғы сәттерде аңдыған бүлікшінің көздеп атқан оғы менің баламның кеудесіне тиеді, - деді Әділбай Сәрсенұлы. 

Оның сөзінше, Дастан болмысынан батыл, адал, бітімі бөлек болған екен. Әкесі Әділбай ішкі істер органдарында 25 жыл бойы абыройлы қызмет еткен. Қазіргі таңда зейнетте. Анасы – физика-математика пәнінің мұғалімі. 

Әділбай қария 1982 жылы қызмет бабымен Шу ауданына қоныс аударып, сонда еңбек еткен. Сол жылы қыркүйекте Дастан дүниеге келіпті. Кейін жас отбасы Мойынқұмға қоныс аударады. Дастан сол ауданда бірінші сыныпқа барады. Көп ұзамай әкесі, ішкі істер саласының білікті қызметкері тағы жұмыс бабымен Талас ауданының орталығы – Қаратауға көш түзейді.  Содан әні-міне дегенше уақыт зулап, Дастан Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің түлегі атанады. 

Дастанның ата-анасы баласының бойында ерекше, өзгелерден бөлек бір лидерлік қасиеттің болғанын айтады. Мектеп оқушыларының арасында көш ілгері жүретінін, басқалары осының айналасына топтасатынын әуелден байқаған. Үлгерімі де жақсы болған. Ол әрдайым әкесін үлгі тұтып, құқық қорғау саласында қызмет етуді армандапты. Себебі әкесінің жүріс-тұрысы, қызметі, досқа адалдығы баласына үлгі еді. Дастанның оқушы кезден каратэ спортымен шұғылдануына да асқақ арманы жетелеген. «Қара белбеуді ғана алмадым, басқасының бәрін бағындырдым» дейді екен сол кезде.

Мектеп бітірер тұста балам Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегісі келетінін айтты. Өзім ішкі істер саласында қызмет еткен соң, баламның ендігі қадамы асқан жауапкершілік пен қырағылықты қажет ететінін білетінмін. Себебі біз де талай қылмыскерлермен бетпе-бет келдік. Құқық бұзғандарды құрықтадық. Оқ пен отты қатар кешкен күндерім көп еді. Дегенмен, баламның таңдауына қарсы келе алмадым. Себебі ол бала шақ, балаң кезінен менен үлгі алып өсті. Содан не керек, арманы орындалып Алматыдағы ҰҚК-нің академиясына оқуға құжаттарын тапсырды. Сәтін салып беделді оқу орнына түсіп кетті. Бес жыл білім алды. Алматы қаласында бірнеше жыл жұмыс істеп, Таразға келді. Нұр-Сұлтан қаласында да біраз жыл еңбек етіп, тәжірибесін толықтырып қайтты. Одан кейін де бес жылға жуық уақыт өтіпті. Орыс ұлтынан достары көп еді, – деп еске алды батыр ұлдың әкесі Әділбай ақсақал. 

Олар Дастан көз жұмған соң, үйіне келіп, қамыға жоқтаған. «Мұндай адал досты қайдан табамыз?» деп зар илеген. Марқұм адамды ұлтына, руына қарап бөлмейтін, айналасымен тез тіл табысатын. Бәрін бірдей көретін. Туған-туыстарына әрдайым қолғабыс етуден шаршамайтын. Жастайынан шыншыл, батыл, өжет әрі намысшыл болыпты. 

Айта кетерлігі, Әділбайдың үлкен ұлы Жасұлан да Қазақ ұлттық университетінде заңгер мамандығын бойынша білім алған. Қазіргі таңда Шымкент қаласында прокуратура саласында жұмыс істейді екен. Сол қанды қырғында, Дастан қаза тапқан күні Жасұлан қызмет ететін ғимаратқа да содырлар шабуыл жасапты. Көңілге медеті сол, Жасұлан шабуылдан бір сағат бұрын ғана басшылықтың пәрменімен ғимараттан шығып үлгеріпті. 

Жаңа жыл қарсаңында Дастанның ата-анасы Түркияға демалысқа кетіпті. Сонда Дастан күнделікті әке-шешесімен байланысқа шығып, қосымша қаражат аударып тұрған. Қаңтардың үшінде елге қайтатын күнді белгілеп, балаларымен кеңесуді ойлаған Әділбай қария елге қоңырау шалса, балалары телефон көтермеген. Тағы бірер күн өткенде Жасұланның Қордайдағы достары Қырғыз елінен хабарласып, Дастанның ауруханада ауыр халде жатқанын айтады. Перзентінің жайын естіген бойда, Әділбай ата мен жары асығып-аптығып Бішкекке жетеді. Дастанның бұ дүниемен қоштасқанын тек Таразға келгенде естіпті. 

Дастан қаза тапқан түні оның туған ағасы қызмет ететін ғимратқа да шабуыл жасалған – марқұмның әкесі

Төбемізден жай түскендей болды. «Жасындай жарқырап жоқ болды», деп жататын еді ғой. Сол сөз менің де балама қарата айтылған сыңайлы. Жалындай лапылдап, жанды да кетті ғой, - дейді ата-анасы. 

Өзгелердің жаңалығы