Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен қыркүйек айы ресми түрде «киберқауіпсіздік айлығы» болып жарияланды. Осыған орай Alem.ai орталығында өткен ауқымды жиында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің вице-министрі Досжан Мусалиев елдегі киберқауіпсіздік ахуалы, жеке деректерді қорғау шаралары және интернет-алаяқтықпен күрес жолдары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде ең озық қорғаныс жүйелері мен алаяқтыққа қарсы шаралар қабылданып, Ұлттық банк пен байланыс операторлары біріктірілгенімен, алаяқтық әрекеттер әлі де азаймай отыр. Мұның басты себебі - техникалық осалдықтар емес, адами фактор.
Қандай мықты жүйе, соңғы жаңартулар мен ең үздік техникалар тұрса да, әрқашан адами фактор әсер етеді. Егер критикалық жүйелерге қолжетімділігі бар адамды алдап, жүйеге кіріп кетсе, кез келген қауіпсіздікті бұзуға болады, - деп атап өтті Досжан Мусалиев.
Вице-министрдің айтуынша, интернет-алаяқтар көбіне психологиялық тәсілдерді қолданып, адамдардың сеніміне кіру арқылы қаржысын жымқырады. Тіпті қауіпсіздік ережелерін жақсы білетін мамандардың өзі психологиялық қысым мен туыстарының атынан келген жалған хабарламалардың арбауына түсіп қалатын жағдайлар кездеседі.
Darknet-тегі деректердің таралуы
Сонымен қатар Досжан Мусалиев қоғамда қызу талқыланға Darknet-тегі қазақстандықтардың деректерінің тарап кетуі туралы мәселеге де түсініктеме берді. Вице-министр бұл ақпараттардың мемлекеттік жүйелердің кибершабуылға ұшырауынан емес, ескі деректердің жиынтығы екенін айтты.
Бұл мемлекеттік жүйелер емес еді. Ондағы деректер осыдан 5 жылдан астам уақыт бұрын қолжетімді болған. Жүйеге қолжетімділігі бар жекелеген қызметкерлер логин мен парольдерін үшінші тұлғаларга беріп қойған, ал олар деректерді заңды түрде көшіріп алған. Darknet-тегілер сол ескі мәліметтерді жинақтап, үлкен ағын ретінде көрсетті, – деді вице-министр.
Сондай-ақ, министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын, ал жеке компанияларда (туризм, денсаулық сақтау, білім беру салаларында) деректерді қорғау талаптарының сақталуы бойынша жыл басынан бері 60-қа жуық тексеріс жүргізілгенін жеткізді.
Кибергигиенаның базалық ережелері: Қалай қорғануға болады?
Халықты киберсауатты ету мақсатында вице-министр әрбір азамат сақтауға тиіс қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік талаптарын атады. Олар:
- Күрделі парольдер қолдану және оларды жиі ауыстыру;
- Екі факторлы аутентификацияны (2FA) қосып қою (парольмен қатар смс, биометрия немесе басқа да қосымша растау түрлерін пайдалану);
- Антивирус бағдарламаларын орнату;
- Күмәнді сілтемелерге өтпеу;
- «Zero Trust» (Ешкімге сенбеу) принципін ұстану. Кез келген күмәнді қоңырау немесе ақпарат келгенде, оны ресми көздер арқылы қайта тексеру қажет.
Жасанды интеллект және жаңа талаптар
Жасанды интеллект дәуірінде дипфейктер мен жалған видеолар көбейгенімен, вице-министрдің пікірінше, ИИ адамның орнын толық баса алмайды, керісінше жұмыс тиімділігін арттырады. Жаңа Цифрлық кодекс пен дербес деректерді қорғау заңы аясында бизнес пен компанияларға қойылатын талаптар қатаңдатылып, артық ақпарат жинауға шектеу қойылғаны атап өтілді.
Қорытындылай келе, вице-министр бұл күрес тек қана мемлекеттің немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін, әрбір азаматтың күнделікті өмірде кибергигиенаны сақтауы басты қорғаныс екенін айтты.