Дәрігерлердің жалақысына 3 млрд теңгеден астам үстемеақы қосылды

17 Наурыз 2021, 18:06
1527
Бөлісу:
Дәрігерлердің жалақысына 3 млрд теңгеден астам үстемеақы қосылды

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Қазақстан аумағында да пандемияға байланысты төтенше жағдай режімі жарияланып, барлық күш коронавирустық инфекцияға қарсы күрес жұмыстарына жұмылдырылғаны белгілі. Сол сәттен бастап, медицина қызметкерлеріне жүктелген міндет те еселеп артты.

Бұл туралы Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, сын сағаттарда сала мамандарына сақтық шараларын барынша қатаң сақтап, жіті тәртіппен жұмыс істеуге тура келген.

Өйткені, ақ халатты абзал жандар қауіпті дертке шалдыққан науқастар жатқан ауруханадағы «қызыл аймақтан» бергі жаққа өткенде, сау адамдарға инфекция жұқтыруы әбден мүмкін. Демек, сақтық шараларын ұмыт қалдырса, індетті бір-біріне тасымалдап, тізбекті реакция іспетті аурулар саны көбейіп кетеді, - деп түсіндірді өңірдің бас дәрігері.

Оның пайымынша, осындай қатаң талап ахуалында «қызыл аймақ» территориясында екі-үш айлап үйлеріне қайтпай дертті жандарға қызмет еткен, Гиппократ антына адалдық танытқан денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбектері қандай қошеметке де, қолпаштауға да лайық. Ең бастысы, бұл біздің де қоғамымыздан үлкен қолдау тауып, мемлекет тарапынан да, қалың бұқарадан да дәрігерлерге деген құрмет арта түсті.

Міндеттерін мінсіз атқарған мамандарды ынталандыру шаралары өз деңгейінде жүргізілуде. Мәселен, Үкіметтің коронавирустық инфекциямен күрес бағытындағы эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері және тәуекел топтарға жататындардың жалақыларына үстемеақы қосып төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл менің әріптестерімді ынталандыра түсті деп білемін, - дейді Әсет Әскерұлы.

Былтырғы наурыз-тамыз айлары аралығында нәтижелі жұмыстар атқарған уақыты бойынша Жамбыл облысында 3 979 медицина қызметкерінің айлық жалақысына 3,03 миллиард теңге көлемінде үстемеақы қосылған. Жауапты маманның мәліметтеріне жүгінсек, 3 291 маманға 2,99 миллиард теңге шамасында қаражат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы төленсе, 688 кадрға 50,3 миллион теңге жергілікті қазынаның резервінен бөлінген.

Негізінде, үстемеақы қаражатын алуы тиіс дәрігерлерді үш топқа бөліп, қауіп-қатердің жоғарылығына қарай, төлем төлеу қарастырылған. Өткен жылы өңірде наурыз айында коронавирус індетін емдеу және оқшаулау шараларын ұйымдастыру мақсатында 1 504 төсек қоры жасақталып, науқастардың санына сәйкес 1 614 медицина қызметкері жұмылдырылған болатын. Көтермелеу сомасы инфекциялық стационарда бірінші тәуекел тобында әрбір қызметкерге 20 ең төменгі жалақы көлемінде, яғни 850 мың теңге төлеу қарастырылған. Ал провизорлық стационарда (екінші тәуекел тобы) әрбір қызметкерге – 10, яғни 425 000 теңге және карантиндік стационарда (үшінші тәуекел тобы) 5 ең төменгі жалақы көлемі, яғни 212 500 теңге нақты жұмыс атқарған уақытына төленді, - деп түсіндірді аймақтың бас дәрігері.

Айта кетерлігі, төлемдер облыс әкімдігінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №73 «COVID-19» коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысы негізінде құрылған эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау қызметкерлеріне үстемеақы есептеу үшін мамандардың тізімін анықтау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы