Дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгіземіз – ДСМ

19 Қыркүйек 2022, 12:17
1201
Бөлісу:
Дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгіземіз – ДСМ

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады, күрделі және жауапты, бірақ өкінішке қарай, бұл ауыр еңбек көп бағаланбай отыр. Сондықтан пациенттердің зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті (жүктелген – міндетті сақтандырудың бір түрі, егер міндеттеме тек жұмыс берушінің тарапынан ғана болса) сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы елдегі денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал етеді, - деп түсіндірді ведомство басшысы. 

Айтуынша, Президенттің тапсырмасының негізгі мақсаты ретінде әзірленген заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталып отыр.

Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген, норма бар, ал заң жобасы іске асыру жолдарын бекітеді, - деді Денсаулық сақтау министрі. 

Өзгелердің жаңалығы