Дәрігерлер қимылы шектелген екібастұздыққа күрделі ота жасады

27 Наурыз 2023, 14:31
1273
Бөлісу:
Дәрігерлер қимылы шектелген екібастұздыққа күрделі ота жасады
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры

Елордада академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының хирургтары көп жылдардан бері зардап шеккен науқасты ауруынан құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қалалық филиалының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ота МӘМС жүйесінде жасалған. 

«Сұрау белгісі кейпі». Екібастұздан келген пациент Владимир секілді сырқаттан зардап шегетін науқастардың ауруын дәрігерлер осылай атайды. Бұл ауру алға қарау үшін адамның басын көтеруіне мүмкіндік бермейді. Науқас бұл сырқаттан көп жылдар бойы зардап шеккен. 

Мұндай ауруға операция жасау өте қиын және сирек жасалады. Тіпті Ресей дәрігерлері де науқасты қабылдаудан бас тартқан.

Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының хирургтары жоғары технологиялық медицина көмегімен 6 сағат бойы ота жасады. Сәтті жасалған отадан кейін пациент қазір оңалту кезеңінде.

Дәрігерлер қимылы шектелген екібастұздыққа күрделі ота жасады
Пациенттің рентген суреті.

Жазға қарай Владимир белсенді өмір салтына толыққанды көшеді деп үміттенеміз. Ең бастысы – оңалту кезеңінен дұрыс өту, - дейді омыртқа патологиясы бөлімінің меңгерушісі Сейдәлі Сапарәліұлы Әбдалиев.

Осындай бір ғана күрделі отаның құны орта есеппен бірнеше миллион тұрады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық қызмет көрсетуге қомақты қаражат бөлінеді. Жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен травматология, нейрохирургия, кардиохирургия, урология, онкология, т.б. салалар бойынша көптеген қымбат оталар жасалады. Мысалы, 2022 жылы елордада жоғары технологиялық медицина көмегімен 7885 ота жасалды. 

Осындай күрделі отаны маған МӘМС жүйесінде тегін жасады. Сәтті отадан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін, ҰҒТОО дәрігерлеріне алғысым шексіз, - деп ризашылығын білдірді Владимир.

Айта кететін жайт, медициналық орталық – тірек-қимыл аппаратының ең күрделі ауруларына ота жасайтын, травматология және ортопедия мәселелері бойынша жетекші ұйым.

Өзгелердің жаңалығы