Дәрігерлер қажылыққа баратындарға ескерту жасады

14 Маусым 2022, 03:33
1685
Бөлісу:
Дәрігерлер қажылыққа баратындарға ескерту жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан дәрігерлері қажылыққа ниеттенген азаматтарды сапар алдында менингококк инфекциясына қарсы екпе алуға шақырды. Мәлім етілгендей, қажылықтан оралғандардың аталған індетті елге әкелу қаупі бар.

2020 және 2021 жылдары кіші және үлкен қажылыққа ниеттенгендер коронавирус пандемиясынан бұл рәсімді орындаудан бас тартуға мәжбүр болды.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының директоры Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, менингококк жұқпасының өршуі 2000 жылы болды. Ол уақытта қажылыққа барған 18 елдің азаматтарынан және олардың жақындарынан менингококк инфекциясының 400-ден астам оқиғасы анықталды.

2018 жылы елде менингококк инфекциясы тіркелді. Онда ресми статистика бойынша 96 адам індет жұқтырды, оның 45-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Яғни қажы тек өзінің денсаулығына емес, сонымен бірге отбасының, достарының, әріптестерінің, туыстарының денсаулығына да қауіп төндіреді. Қажылыққа баратын ер адамдар арасында инфекция жұқтыру 86% дейін жетеді, – деді дәрігер.

Спикердің сөзінше, биыл эпидемиологиялық ахуал қолайлы. Бес айда менингококк инфекциясының тек 11 жағдайы анықталды.

2006 жылдан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабиясының Қажылық министрлігі арасында келісім бар. Оған сәйкес қажылар елден шықпас бұрын міндетті түрде менингококқа қарсы екпе алуы тиіс. 2022 жылы вакцинацияны еліміздің сегіз өңірінде – Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізу жоспарланған.

Айта кетейік, бұл инфекцияға қарсы екпе ақылы, құны 26 – 46 мың теңге аралығында.

Қажылыққа баруға COVID-19 қарсы вакциналанған 65 жасқа дейінгі адамдарға рұқсат етіледі.

Өзгелердің жаңалығы