Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Каткенова дәрігерлердің жедел респираторлық вирустық инфекцияны (ЖРВИ), тұмауды, COVID-19-ды және басқа да тыныс жолдары инфекцияларын қалай анықтайтынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, диагноз қою кезінде ең алдымен науқастың жағдайы жан-жақты тексеріледі.
Диагноз қою үшін дәрігер алдымен науқасты қарап, барлық клиникалық көрсеткіштерді бағалайды. Қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге, талдаулар тапсыруға немесе рентгенологиялық тексеруден өтуге жолдама береді. Клиникалық тексеру, өкпені тыңдау және басқа да медициналық тексерулерден кейін дәрігер диагноз қойып, емдеу тактикасын анықтайды, – деді Гаухар Каткенова.
Оның сөзінше, қосымша зертханалық тексерулер науқастың жағдайына қарай тағайындалады.
Баланың жағдайы нашарласа, дәрігерді қашан шақыру керек?
Санитариялық дәрігер ата-аналарға балалар ауырған кезде өз бетінше ем қолданбауға кеңес берді.
Ең алдымен ата-аналар өзін-өзі емдеумен айналыспауы керек. Бала ауырса, оны мектепке немесе балабақшаға жібермей, үйде қалдырған жөн. Кейін учаскелік дәрігерді үйге шақыру немесе емханаға жүгіну қажет, – деді ол.
Гаухар Каткенованың айтуынша, емханаларда балаларға, жүкті әйелдерге және ересектерге арналған жеке сүзгі кабинеттері жұмыс істейді. Сондықтан тұрғындар дер кезінде дәрігерге қаралып, білікті медициналық көмек алуы қажет.
Сондай-ақ ол дене қызуы көтеріліп, жоғары температура байқалған жағдайда дәрігер шақыру қажеттігін атап өтті.
Температура жоғарылаған кезде міндетті түрде дәрігерге жүгінген жөн. Мұндай жағдайда баланы үйде қалдырып, мектепке немесе мектепке дейінгі ұйымдарға жібермеу қажет, – деді басқарма өкілі.
Мамандар ата-аналарды балалардың денсаулығына мұқият қарап, ауру белгілері пайда болған жағдайда өздігінен ем қолданбай, медициналық көмекке жүгінуге шақырады.
Еске салсақ, Алматыда тұмауға қарсы тегін екпені ала алатындардың тізімі жарияланды.
Тағы оқи отырыңыз: ЖРВИ асқынып жатыр: Алматыда төрт бала жансақтау бөліміне түсті
Алматыда белгісіз жаңа вирус тарап жатқаны рас па? Дәрігерлер жауап берді